«Expo-2017 қай елде өтеді?»- республикалық басылымдарға шолу
«Үстіміздегі жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда бірінші рет Тұңғыш Президент күні аталып өткелі отыр. Бұл біздің еліміз үшін жаңа мереке болып саналғанымен, әлемдік қауымдастық арасында бұрыннан бар. Айталық, АҚШ-та Президент күні 1880 жылдан бері мерекеленіп келеді. Біз бүгін тойлана бастағанына ғасырдан астам уақыт болған Америка Құрама Штаттарындағы үрдістің шежіресіне тоқталып өтпекпіз»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі |
санында. Аталған мереке жайындағы мақала «Президент күні» деген тақырыппен беріліп отыр.
Осы басылымда «Expo-2017 қай елде өтеді?» атты мақала жарияланды. Бәсеке басында - Бельгия мен Қазақстан. Сонымен, EXPO халықаралық көрмесі 2017 жылы біздің Астанада өте ме, жоқ па? Бұл сұрақтың нақты жауабы анықталар күн де таяп қалды. Ол ертең Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының бас штаб-пәтерінде өтетін жиында ХКБ-нің 157 мүше елінің дауыс беруімен белгілі болады. «Қай нәрсенің де шешуші сәтінде жүрегің лүпілдеп, қобалжу күй кешетінің бар. Кеше Парижде өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесінің соңғы қорытынды баспасөз мәслихатында да қазақстандық журналистер осы жағдайды бастан кешірді. EXPO-2017 көрмесіне қатысуға бізбен бәсекелестік танытып отырған Бельгияның журналистері және Еуропа елдерінің бір топ баспасөз қызметкерлерінің қатысуымен өткен бұл қорытынды жиында біздің басты мақсатымыз - қарсылас тарапқа «қағытпа» сұрақтар қойып, мінбердегі бельгиялықтардың мысын басып, меселін қайтару, керісінше, еліміздің жеңіске лайық екендігін дәлелдеп, Астананың абыройын асқақтатуға титтей де болса үлес қосу болатын. Сөйтіп, сөз жарыс, пікір алмасулар басталып та кетті»,-деп жазады басылым тілшісі. Аталған жарссөз барысында көтерілген мәселелер жайында толық білгіңіз келсе «Егемен Қазақстан» газетін алып қараңыз.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, The Times хабарына қарағанда, ұлты өзбек миллиардер Алишер Усманов жеке өмірбаян жолына өзгеріс енгізу үшін британдық PR-компаниясын жалдаған. Арғы тегі ала тақиялы ағайындарға жататын, бүгінде ресейлік қалталы азаматтар қатарынан мықтап тұрып орын алған Алишер-ака кезіндегі кейбір жағдайларды «жұмсартуды» ойластырған көрінеді. «Миллиардер олигарх интернеттегі барлық құпияларын тазалау мақсатында алдыңғы қатардағы пиар-компанияны жалдаған. Оның ішінде Өзбекстандағы қылмысы да бар. Алишер Усманов Батыстың сеніміне кіру үшін бұрынғы қылмыстарын жасырып, қазіргі жақсылығын асыруға шындап кіріскен сыңайлы» дейді бұқаралық ақпарат құралдары. Олигарх Усманов биыл Sunday TimesRich List-тің бағалауынша, екінші орында тұр. Нақтырақ айтсақ, оның бар байлығы 12 миллиард фунт стерлингтен асқан. Басылымның жазуынша, миллиардерге көрсетілетін қызмет оңай болмай тұр. Бұл шаруаны дөңгелетіп жатқан RLM Finsbury PR-компаниясы Ұлыбританиядағы ең танымал мамандардан құралған. Бұл материал «Байлар да бәледен аулақ жүреді» деген тақырыппен басылды.
Осы газеттегі «Полиция жүргізуші куәлігін бірден алмауы тиіс» атты ақпараттта Ішкі істер министрлігі Жол комитетінің бастығы Берік Бейсенқұловтың кеше елордада өткен онлайн-конференцияда көтерген мәселелері жазылып отыр. Еліміздің Бас жол полицейінің айтуынша, қолданылып жүрген заңға сәйкес жол ережесін бұзған жүргізушінің куәлігі егер әлгі жүргізуші екінші қайтара жол ережесін бұзған жағдайда ғана алынуы тиіс.
- Бұған қоса, жол полицейлері жол қауіпсіздігі ережесін бұзған жүргізушінің куәлігін еліміздің Әкімшілік құқық кодексінің 541-бабына сәйкес алуға құқылы. Ал жүргізушіні куәлігінен айыру немесе айырмау мәселесін шешу - істі қараған әкімшілік соттың құзырында. Сондай-ақ мұндай норма үстіміздегі жылы 9 сәуірде еліміздің Жоғарғы соты қабылдаған «Өндірісті қамтамасыз ету шараларын қолдану және басқа да әкімшілік құқық бұзу жөніндегі заңдылықтарды қолдану мәселелері туралы» деп аталатын нормативтік қаулының 16-тармағында қарастырылған, - деп түсіндірді ІІМ Жол комитетінің бастығы Берік Бейсенқұлов. Сондай-ақ еліміздің Бас жол полицейі қандайда бір оқиға кезінде жол полицейлерімен болған жайтты көлік жүргізушісінің бейнетаспаға түсіруіне ешқандай шек қойылмайтынын және мұндай бейнежазбаларды әкімшілік істі қарау кезінде қолдану немесе қолданбау сот органдарының құзырында екендігін де жасырмады.
***
«Алаш айнасы» басылымындағы «Дат! айдарының қонағы ҚР Қорғаныс министрі, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков: «Қорғаныс министрлігіндегі жұмысымды емес, футбол үшін көп сынап-мінейді» деген тақырыппен бүгінгі қазақ футболының жай күйін сөз етеді.
Осы басылымда Норвегияның әділет министрлігінің бас сарапшысы, жазаларды орындау қызметінің өкілі Сьюзанне Фив өз еліндегі түрме жүйесі мен Қазақстандағы ахуалды салыстыра баяндайды. «Түрме қоғамды емес, қоғам түрмені тәрбиелейді» тақырыбы қоғамның жүгін көтеріп тұр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін