Фермерден дүкен сөресіне дейінгі жол: Ет бағасының артында не жатыр? Неге қымбат?  - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+5 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Фермерден дүкен сөресіне дейінгі жол: Ет бағасының артында не жатыр? Неге қымбат? 

Фермерден дүкен сөресіне дейінгі жол: Ет бағасының артында не жатыр? Неге қымбат? 

Ет бағасы неге қымбат?

  • 28 Қараша
  • 126
Фото - Caravan.kz

Елімізде ет бағасы қымбаттап жатыр. Бір киллограмы үшін 4000 теңге сұрайды. Халықтың көкейінде жалғыз сұрақ «Неге сонша қымбат?». Шындығында, баға бірнеше маңызды фактордан құралады екен. Оны түсіну арқылы нарықтағы жағдайды бағалауға болады. Осы материалда Caravan.kz медиа порталының тілшісі ет бағасының құрылымын жан-жақты талдап, негізгі фактілер мен сараптамалар жинады. 

Ет бағасы қалай қалыптасады

Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, ет бағасы үш бөліктен тұрады. 

«Біріншіден — өзіндік құн. Содан кейін өндірушінің маржасы. Ал соңында делдалдардың, яғни бөлшек сауда мен ритейлдің маржасы қосылады», — дейді ол.

Осы құрылымды негізге ала отырып, бағаның үлесін шамамен төмендегідей бөлуге болады. 

— 60% шамасында — өзіндік құн. Бұл фермердің малды өсіру, жем-шөп, күтім және басқа да шығындары.

— 15-20% — фермерлердің пайдасы. Сарапшының есебінше, олар килограмына 500-800 теңге шамасында табады. 

— 20-25% — бөлшек сауда үстемесі. Дүкендер, базарлар және ет сататын дүңгіршектер.

Яғни, 4000 теңгені алсақ, 800-1000 теңге «соңғы сатушыға» түседі. Өзіндік құн аймаққа байланысты 2500-2800 теңге шамасында болады.

Нәтижесінде, етті өндіруші фермер ең аз табыс алады, оның үлесі өте аз. Ал қосылған құнның көп бөлігі делдалдар мен бөлшек сауда тізбегі арқылы қалыптасады. 

Бағаның өсу себептері

Сарапшының айтуынша, нақты бағаға бірнеше фактор әсер етеді. 

Біріншіден, мал тапшылығы. Соңғы маусымда жас мал мен ірі қара жеткізілуі айтарлықтай қысқарды. Сойылатын малды сатып алатын фермерлер жеткілікті көлем таба алмайды. Нәтижесінде нарықтағы ұсыныс азайып, баға өсуге мәжбүр.

Екіншіден, делдалдар мен ритейлдің әсері. Көтерме баға төмендесе де бөлшек саудагерлер оны төмендетуге асықпайды. Себебі жоғары бағаға үйренген. Сол себепті тұтынушы жиі ескі баға үшін төлейді, ал нақты өзіндік құн мен сатып алу бағасы есепке алынбайды.

Үшіншіден, ет комбинаттарының жоқтығы. Қазақстанда етті толық өңдейтін заманауи кәсіпорындар жоқ. 

«500 000 теңге тұратын бұқаны толық өңдейтін комбинат 700-800 000 теңге кіріс таба алар еді. Қазіргі кезде тек сою пункттері жұмыс істейді, олар етті бөліп, пайдаланылмайтын бөліктерді тастайды. Бұл салаға қосылған құнды әкелмейді, және бағаның өсуіне әсер етеді», — дейді маман. 

Нәтижесінде, шикізат шығыны артып, өңдеу төмендейді, мал тапшылығы және делдалдардың тізбегі еттің соңғы бағасын қалыптастырады. Қыс айларында бағаның психологиялық өсуі байқалады, кейде объективті себептер жойылғаннан кейін де баға төмендемейді.

Етті арзандату мүмкін бе?

Сарапшы Мақсұт Бақтыбаев бағаны төмендетудің екі негізгі жолын ұсынып отыр. 

Фермерлер санын көбейту және ұсынысты арттыру. Шаруашылықтар көбейген сайын нарықта бәсеке артып, еттің көлемі өседі, өзіндік құн төмендейді, ал баға тұтынушы үшін қолжетімді болады.

Балама сату арналары. Фермерлердің етін делдалсыз тікелей сату дейді маман.

«Мысалы, коммуналдық базарлар арқылы минималды үстемемен сатуға болады. Егер бұл нарық танымал болса, сатып алушы етті 3000 теңгеге ала алады, ал дүкенде ол 4000 теңге тұрады. Бәсеке бағаны төмендетеді», — дейді сарапшы. 

Сонымен қатар, қазір тірі малға негізделген цифрлық валюта идеясы талқылануда. Бұл фермерлік инвестицияларды ынталандырып, ет сатып алуды ашық етуге мүмкіндік береді.

Сарапшы қиындықтардың барын жасырмады. Ірі ет комбинаттарын салу үшін жүздеген миллион доллар инвестиция, біркелкі мал жеткізілімдері, инфрақұрылым мен логистика қажет. Қазақстандағы шағын және бөлшектелген мал шаруашылығында бұл жобалар әлі қолжетімсіз. 

«Мемлекеттік ет комбинаттарын жасау мүмкін емес. Бұл триллиондаған инвестицияны талап етеді… тиімділігі өте төмен болады… бәрі босқа кетеді», — дейді сарапшы.

Сондықтан бағаны тұрақты түрде төмендетудің нақты жолы — фермерлікті дамыту, бәсекені арттыру және тікелей сатылым арналарына көңіл бөлу.

Қорытындылай келе, елімізде қалыптасқан ет бағасы аспаннан алынған сан емес. Ол фермердің жем-шөпке және күтімге жұмсаған шығындары, оның аз табысы, делдалдар мен ритейлдің үстемесі, тасымалдау, сақтау және сату шығындары арқылы қалыптасқан күрделі тізбектің нәтижесі.

«Бағаның өсуі тек экономикалық қысымға байланысты емес, мал тапшылығы, өңдеудің дамымауы, бәсекенің әлсіздігі және делдалдардың үстемдігімен де байланысты», — дейді маман. 

Егер мемлекет пен бизнес етті қолжетімді етуге шынайы ниет білдірсе, онда фермерлікті дамытуға, тікелей сатылымды ынталандыруға және өңдеу инфрақұрылымын құруға көңіл бөлу қажет. Бағаға әкімшілік шектеулер қойып, ұстап тұру тек уақытша немесе мүлде тиімсіз болады.

Перейти к новостям спорта