Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Фотон М-2» ғарыштық аппараты технологиялық және ғылыми зертеулер жүргізуге, өнеркәсіп пен ғылымның түрлі салаларының мүддесіне материалдар мен биотехнологиялық препараттар өндіруге арналған. Ғарыштық зертханада 16 тәулік бойы Франция, Германия және Швецияның ғарыштық агенттіктерінің бағдарламасы бойынша физика, химия және ғарыштық биотехнология салалары бойынша 16 ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу межеленген болатын. Соның ішінде иммунитет тапшылығы, вирусты және қатерлі ісік дерттерін емдеуге арналған жоғары тазалық деңгейіндегі дәрілік заттар алуға бағытталған зерттеулер жасалды.
Зертханада Ресейдің ғылыми бағдарламасына сәйкес 9 зерттеу жұмысы жүзеге асырылуға тиіс болды. Атап айтсақ, шаяндарға электромагниттің әсерін зерттеуге бағытталған «Биоком», ұшырылым кезінде ғарышкерлерде кездесуі мүмкін ауру түрлерін зерттеу және анықтауға бағытталған «Виброком» және «Плазмида», ұшырылғаннан кейінгі алғашқы тәуліктерде салмақсыздық жағдайында тритондардың көзторының регенерациясын зерттеуге бағытталған «Рецептор» бағдарламалары жүзеге асырылды.
Бүгін биологиялық организмдер ғарыштық аппараттың арнаулы құтысында сынақ нәтижесін тексеру үшін Жерге жеткізілді.
«Роскосмостың» баспасөз қызметінен хабарлағанындай, ұшырылым бағдарламасы табысты жүзеге асырылды. Ғылыми нәтиженің басым бөлігі ғарыштық сапар ахуалында сынақтан өткізілген сынамаларды талдау жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.