Жарияланды: 680

Франциядағы Қазақстан елшісі "Франция - Орталық Азия" достық тобына мүше сенаторлармен кездесті

Франциядағы Қазақстан елшісі Дулат Қуанышев "Франция - Орталық Азия" достық тобына мүше сенаторлармен кездесті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР СІМ-нің ақпарат және талдау басқармасынан хабарлады.

Кездесуді ашқан сенаттық достық тобының төрағасы Ф.Трюси Қазақстанның мемлекетті жан-жақты дамытуға және халықаралық қауымдастықтағы интеграциялық үдерістерге белсене қатысуға бағыттаған Президент Н.Ә.Назарбаевтың көп қырлы саясатын басым атады. Елші Д.Қуанышев өз сөзінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамудағы, құқықтық демократиялық мемлекет пен азаматтық қоғамның институттарын қалыптастырудағы табыстары мен жетістіктері туралы кеңінен атап өтті. Елдегі терең өзгерістерге тұрақты экономикалық өсуді және ұлттық экономиканы түрлендіруді қамтамасыз етуге бағытталған шаруашылық реформалары негіз болып отыр,- деді ол. Сөз кезегінде Францияның сенаторлары Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызды тұрақтандырушы және біріктіруші роліне және француз-қазақстан ынтымақтастығының мол мүмкіндіктерін белсенді пайдалану қажеттігіне үлкен көңіл бөлді. Сенатор Э. де Монтескье Астанада өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші құрылтайын атай отырып, Қазақстанның орнын "қазіргі күрделі уақыттағы оңды біріктіруші полюстердің бірі және цивилизациялар сұхбатына қосқан қомақты үлес" деп көрсетті. Сенатор К. де Вильпен елдің болашағына жұмыс істейтін Ұлттық даму қорын жоғары бағалады. Франция Сенатының халықаралық істер жөніндегі комиссиясының төрағасы Ю.Дюран-Шастельдің пікірінше, Франция мен Батыс елдерінің Қазақстанға ерекше қызығушылық білдіруі заңды құбылыс. Сенатор Ж.-П.Планкад Франция президенті Ж.Ширактың Қазақстанға биыл жасайтын сапарының маңызына тоқталды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін