Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Астана қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина мәлім етті.
«Түсіру тобы Астанаға елордадағы концерттік залдар туралы үш бағдарламаны жасау мақсатында сапарлайды. Атап айтқанда бұл залдарда «Astana Piano Passion» байқауының шаралары өтеді», — деді ол.
Нақтырақ айтсақ, француздықтар «Астана опера» театры, «Қазақстан» Орталық концерт залы және Бейбітшілік пен келісім сарайының залдары туралы мәліметтерді жинамақ.
Айта кетейік, Mezzo — классикалық музыкаға, джазға және музыкалық фольклорға арналған танымал франциялық телеарна. 2011 жылдан бастап бұл телеарнада «Mezzo Back stage» бағдарламасы пайда болды. Онда әлемнің басты опералық нысандары мен концерттік залдары көпшілік назарына ұсынылады.