Матчтың бірінші таймында есеп ашылмаса да, алматылықтар ширағырақ ойнап, алаң иелерінің қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Тіпті доп бірде қақпа маңдайшасынан серпіліп кейін қайтты.
Екінші таймда «Ақжайық» ойын тізгінін қолына алғандай болды. Соның нәтижесінде 61-минутта «Қайраттың» қақпасына қарай әуелете тасталған допты камерундық легионер Хаман Саджо баспен дәл соқты. Алаң иелерінің есепті еселей түсетіндей мүмкіндігі де болды. Алайда оны пайдалана алмаған «Ақжайық» қорғанысқа көшті. Есесіне осы кезде алаңға шыққан «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Руслан Сақалбаев командаластарының ойынына жан кіргізді. Олардың жеңіске деген жігері толығымен ақталды. 86-минутта Олег Недашковский есепті теңестірсе, сәлден кейін Неманья Йованович жеңіс голын соғып кетті.
Бұл — «Ақжайықтың» қатарынан үшінші жеңілісі. Осы турдан кейін төртінші орынға сырғыған оралдықтар 27 мамырда Павлодарда алтыншы орындағы жергілікті «Ертіспен» күш сынасса, 16 маусымда көш басындағы Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды.