Бұл жолы Алматыда өткен орталық кездесуде біріншіліктің бітуіне екі тур қалғанда өз тарихында алғаш рет ел чемпионы атанып үлгерген, Станимир Стойлов жаттықтыратын «Астана» «Қайратқа» дес берген жоқ. Тек 3:0 болғаннан кейін сәл саябырсыған астаналықтар есепті 3:2-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сөйтіп біріншілік соңына таман басты қарсыластарымен ойындарын сәтсіз өткізген «Қайрат» чемпиондық түгілі, күміс жүлдеден де айырылып қалды. Шымкентте «Ордабасыны» 3:1 есебімен тізе бүктірген «Ақтөбе» командасы өткен жылғы чемпиондықты биыл екінші орынға айырбастады.
Шымкентте «Ордабасыны» 3:1 есебімен тізе бүктірген «Ақтөбе» командасы өткен жылғы чемпиондықты биыл екінші орынға айырбастады.
Биылғы маусымдағы басты сәтсіздіктердің бірі Қазақстан клубтары арасынан тұңғыш рет өткен жылы чемпиондар лигасында айды аспанға шығарып, Шотландияның «Селтигінен» ғана сүрінген, сөйтіп Еуропа лигасында топтық кезеңге дейін жеткен қарағандылық «Шахтердің» алтыншы орынға сырғып кетуі дер едік. Ал өткен жылы бірінші лигадан келген Қызылорданың «Қайсары» биыл табысты ойын өрнегін көрсетіп, бірден бесінші орынға көтерілді. Семейдің «Спартагы» мұндай ерлікке шамасы жетпей, бірінші лигаға қайта оралды. «Тараз» болса, қосымша матчта Шымкенттің «Қыранымен» премьер-лигада қалу үшін таласқа түседі. Бұл кездесу 16 қараша күні өтеді. Осы күні Еуропа чемпионаты іріктеу ойындарының биылғы соңғы матчында Қазақстан ұлттық құрамасы өз тобында сырт алаңда Түркиямен күш сынасады. Биылғы маусым осымен қорытындыланбақ.
Мергендер көшінде алғашқы үш орынды легионерлер иеленді. Астаналық, Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Фокси Кетовоама 16 доппен үздік атанса, «Атыраудан» сербиялық Милош Трифунович пен «Қайраттан» ивуариялық шабуылшы Жерар Гоу сәйкесінше 13, 12 доппен үштікке ілінді.