Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары — Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.
Қазақстандық футболшылар алғашқы турда ешкіммен кездескен жоқ. Ал 24 наурызда өз алаңында Франция Украинамен 1:1, Финляндия Босния және Герцоговинамен 2:2 есебімен тең ойнады.
FIFA жариялаған соңғы рейтингте Франция екінші орында тұр. Ал Қазақстан онда 122-орында келеді.
Әлем жанкүйерлеріне Франция құрамасы жақсы таныс. Қай кезеңде де бұл елдің футболшылары өзін жақсы қырынан танытып келеді. Қаншама жұлдыздар жарқырап шықты. Қазір де мұндай саңлақтардан кенде емес. Кезінде Мишель Платини, Жан Тигана, Зинедин Зидан, Фабьен Бартез, Тьерри Анри, Давид Трезеге секілді ойыншылар жасыл алаң төрінде шеберлігімен тәнті етті. Бүгінде олардың орнын Уго Льорис, Рафаэль Варан, Преснель Кимпембе, Поль Погба, Оливье Жиру, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе секілді жастар басты.
Айта кетерлігі, бүгінгі қарсыласымыз талай әлемдік және құрлықтық додада топ жарды. Әлем чемпионатында екі мәрте алтын (1998, 2018), бір күміс (2006), екі рет қола (1958, 1986) медаль иегері атанды. Ал Еуропа чемпионатында екі мәрте чемпион (1984, 2000), бір рет екінші (2016), бір мәрте қола (1996) жүлдеге қол созды. Осының өзі құраманың әлеуеті қандай екенін айшықтай түседі.
Біздің футболшыларға Франция Еуропада кездесіп отырған 38-ші қарсыласы атанбақ. Әзірге қазақстандықтар олардан өзге Босния мен Герцеговина, Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн, Люксембург, Норвегия, Солтүстік Ирландия, Солтүстік Македония, Словакия, Словения, Уэльс және Швейцария құрамаларымен күш сынасып көрген жоқ.
Айта кетерлігі, бүгінге дейін қазақ топырағына Германия, Англия, Португалия, Нидерланды, Бельгия секілді маңдайалды құрамалар қадам басты. Оның ішінде 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында қазақстандық футболшылар Бельгиямен екі мәрте (0:0, 2:2) тең түскенін жанкүйерлер әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.
Оған дейін Азия құрлығында доп тепкен Қазақстан UEFA құрамына 2002 жылы қабылданды. Содан бері әлем чемпионатында 60 ойын өткізген. Оның ішінде 12-де жеңіске жетіп, 11-де тең түссе, 37-де қарсыласына есе жіберді.
Қазақстан мен Франция құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 19.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталған ойында беларусьтік маман Алексей Кульбаков бас төреші ретінде қызмет атқарады. Оған сол елден келген Дмитрий Жук пен Олег Маслянко көмекші болады. Қосалқы төреші — Виктор Шимусик.
Сондай-ақ, бүгін D тобында Украина өз алаңында Финляндиямен шеберлік байқасады.