Бұған дейін хабарланғандай, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу матчтары елордадағы «Астана-Арена» стадионында қазанның 8-і күні Қазақстан мен Бельгия, қазанның 12-сі күні Қазақстан мен Германия құрама командаларының арасында өтеді.
Қазақстан Футбол федерациясының (ҚФФ) атқарушы директоры Әлия Дүйсекеева атап көрсеткендей, 2009 жылдың күзінде «Астана-Арена» стадионында Қазақстанның ұлттық құрамасының алғашқы ойындары өтті. Ойын Хорватия құрамасымен болды. Осы матчқа жекеменшік көліктерімен келген жанкүйерлер үшін стадион алаңына кіруге рұқсат етілмеді. Бұдан кейін жанкүйерлерден көптеген өтініштер мен шағымдар түскен. Осыны ескере отырып, Қазақстанның Футбол федерациясы Астана қаласының Жол полициясы басқармасымен (ЖПБ) ақылдаса отырып, Түркияның құрамасымен болған келесі кездесуде стадионның автокөлік тұрағына кіріп-шығуға шектеу қоймады.
Өкінішке қарай, дейді Ә.Дүйсекеева, матч кезінде 1 мың орынға есептелген автокөлік тұрағы ғана емес, стратегиялық маңызы бар — Астана әуежайы бағытындағы күре жолдың бойы да көліктерде лық толып кеткен. ЖПБ-ның дерегі бойынша, стадион автотұрағы мен оның айналасына барлығы 6 мыңнан астам көлік қойылды. «Бұл жағдай УЕФА-ның қауіпсіздік бойынша талаптары мен ережелеріне қайшы. Себебі стадионға алып баратын жол, төтенше жағдай қалыптасқан жағдайда толығымен ашық болуы қажет», — дейді ол.
Осыған орай, Астана қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Жол полициясы басқармасы мен ҚФФ халықаралық тәжірибелерді зерттеп, зерделей келе матчтарға жету жолдарының сызбасын жасады.
Мәселен, «Астана -Арена» алаңына жанкүйерлердің жекеменшік көлікпен келуіне шектеу қойылады. Халықаралық талаптарға сәйкес шектеу бойынша жұмыстар матчтың басталуына 5 сағат қалғаннан бастап жүргізіледі. Қабанбай батыр даңғылы — Жәнібек пен Керей көшесі (№23-ші көше) — Тұран даңғылы — №27-ші көшелерінде қозғалыстар мүлде тоқтатылады.
Қала тұрғындары мен қонақтарына матч өтіп жатқан уақытта әуежай мен қала орталығына және кері бағыт бойынша жүруге болатын айналма жолдар ұсынылып отыр: Сығанақ — Орынбор — №27 көшелер арқылы Қабанбай батыр даңғылына шығуға болады. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылына Достық — Орынбор — №27-ші көшелер арқылы; Қонаев — Орынбор — №27-ші көшелер арқылы; Сарайшық — Орынбор — №27-ші көшелер арқылы жетуге болады.