Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа кәсіптер атласы және кәсіптік бағдар тұжырымдамасы
«Жаңа кәсіптер атласы» еліміздің барлық өңірлерінде әзірленеді. Оқушылар еңбек нарығының талаптары туралы ақпарат алады және мансапты дұрыс таңдай алады. 1000 мектепте бейіндік сыныптар ашылып, жоғары сынып оқушылары практикалық дағдыларға үйретіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беруді қаржыландыру
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру 437 мыңнан 912 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Жаңа қаржыландыру жүйесі білім ұйымдарын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңарады
270 мемлекеттік колледждің жабдықтарын жаңарту жоспарланған. 2025-2027 жылдары жұмыс берушілер мен жеке инвестицияларды тарта отырып колледждерге заманауи жабдықтар алынады. Колледж студенттері үшін 6 мыңнан астам жатақхана орнының тапшылығын жою міндеті қойылған.
Бизнес-құрылымдармен ынтымақтастық артады
518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетсе, бұл санды 4 мыңға дейін арттыру көзделуде. Дуальды оқыту жүйесі дамып, кәсіпорындармен 2 мыңнан астам жаңа білім беру бағдарламасы әзірленеді.
Колледждерді интернационализациялау
10 колледжді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Шетелдік менеджерлердің қатысуымен басқару жүйесі енгізіледі, ал педагогтар халықаралық тәжірибе алмасады.
TurkSkills чемпионаты
Түркітілдес елдер арасында алғаш рет TurkSkills чемпионаты өтеді. Мақсаты – үздік тәжірибелерді анықтап, инновациялық шешімдерді өндіріске енгізу. Чемпионат Маңғыстау облысында, 2025 жылы Түрксой ұйымының мәдени астанасы – Ақтауда өтеді.