Б.Ыбыраев газ құбырындағы апат салдарынан МАЭК-ке газ жіберілмей қалғанын еске салды. Соның кесірінен 26-қарашадан бастап қуат өндіруші комбинат Ақтауға ыстық су жіберуді доғарды. Электр қуатын тұтынуға да шектеу қойылды. 29-қарашада МАЭК-ке газ жіберу қайтадан жанданып, 30-қарашада барлық шектеулер алдынды.
Алайда, Б.Ыбыраевтың айтуынша, төтенше жағдай енгізілуге байланысты жылыту желілерін сақтап қалу үшін комбинат қыруар шығынға батқан. Мәселен, газ көлемі жетпей қалған сәтте кәсіпорын апатты жағдайға арналған 1 мың тоннадай мазутты жағып жіберуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, МАЭК-тің осындай жағдайға арналған апаттық отын қоры бар, ол кәсіпорынның 7 күн бойы үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыра алады. «Нормативтік актілер бойынша МАЭК-ті ең жақын орналасқан Атырау немесе Орск мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізілетін апаттық отынмен қамтамасыз етуге арналған мерзім осындай»,- деді ЖШС бас директоры.
Б.Ыбыраев сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан комбинат шеккен шығындардың орны облыстық немесе республикалық бюджет қаржысы есебінен өтелетіндігі туралы облыстық әкімшілікпен келісім жасалғанын хабарлады. «Бұл мәселе облыстық төтенше комиссияның мәжілісінде шешіледі»,- деді ол.
Бұған қоса ол облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы тарапынан соңғы үш жыл бойына «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ мен газ өндірушілерге аталмыш құбырға жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы нұсқау беріліп келгенін жеткізді. Алайда, нұсқауларды қаперге алмау осындай өкінішті жағдайға душар етіп отыр.