Генетикалық тест Жошымен арадағы байланысты дәлелдей ала ма – TreeGene зертханасы сарапшысының пікірі - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Генетикалық тест Жошымен арадағы байланысты дәлелдей ала ма – TreeGene зертханасы сарапшысының пікірі

Генетикалық тест Жошымен арадағы байланысты дәлелдей ала ма – TreeGene зертханасы сарапшысының пікірі

Тарихи деректерде қазақ халқы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұлысынан тараған деп айтылады. Бірақ, тарихи деректер мен археологиялық қазба жұмыстары — болжамның бір парасы ғана.

  • 7 Қазан
  • 10
Фото: Midjourney

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ал заманауи технологияны, соның ішінде ДНҚ тест сараптамасын пайдаланып, осы туыстық қатынасты анықтауға бола ма? Қазақстанда ДНҚ сараптама жұмыстарын жүргізіп жүрген TreeGene зертханасының меңгерушісі Дина Мукушкинадан ел тарихын зерттеуде заманауи технологияға негізделген ДНҚ тесттің қандайда бір көмегі тиер-тимесін сұрап білдік.

ДНҚ тест және гаплогруппа туралы

Сарапшы Дина Мукушкинаның айтуынша, генетикалық тест ер адамдардың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін Y-хромосомасымен қатар, әйелдер тізбегіндегі митохондриальдық ДНҚ-ны зерттеуге мүмкіндік береді. Оның бір жолы — гаплотип анализі, яғни ежелгі халықтардың көші-қоны мен туыстық байланысын білу үшін арғы тегі бір адамдарды бақылауға болады.

«Y-хромосоманы зерттеуге болады, тіпті ыңғайлы деп айтуға негіз бар. Себебі, Y-хромосоманың қандайда бір гаплотипі тарихи оқиғаларға негізделген. Оның ішіне жаулап алу, көшпенді халық тұрмысы, сонымен бірге моңғолдардың шапқыншылығын мысалға келтіруге болады. Басқыншылар жаулап алып, жерін иемденіп, өз ұрпағын жалғады, көбейтті. Ал митохондриальдық ДНҚ-ны зерттеу қиын. Себебі, ол бір орында тұрмайды, үнемі қозғалыста. Мәселен, әйелді басқа елге, жерге алып кетеді. Ол сол елдің, ұлттың ұрпағын көбейтеді. Сондықтан әйелдердің ДНҚ тізбесі бұлыңғыр, ал Y-хромосомасының таралуы айқын», — деді Д. Мукушкина.

TreeGene зертханасы меңгерушісінің айтуынша, белгілі бір халықтың өзіне ғана тән ерекшелік те бар. Мәселен, кавказдарға тән гаплотип осы ел ішінде жоғары сақталған. Бірақ, бір гаплотопта бірнеше халық болса, дәл солай бір халық бірнеше гаплотип те болуы мүмкін.

«Ұлттың тарихы оның генетикалық тізбесіне байланысты екенін белгілі. Дегенмен бүгінде біз кейбір ұлттың қандайда бір деңгейде қаны араласып кеткенін көріп отырмыз. Зерттеу кезінде ұлттар бөлінісіне дейінгі кезеңге басымдық беріп, түп-тамырының пайда болуын анықтағымыз келеді, — деді Д. Мукушкина.

Сарапшының айтуынша, зерттеу ауқымы неғұрлым кең болса, соғұрлым қандайда бір нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі артады.

«Түрлі ұлт пен елге бөлінгенімізбен, генетикалық маркеріміз бір-бірімізге байлаулы болып тұр. Біз тест нәтижесін көрсетіп, адам өз ұлтының қазақ екенін білгенімен, дәл осы генетикалық маркер өзге ұлтта да кезігуі ықтимал. Мәселен, ДНҚ-да бар болғаны 7-8% қазақ екенін көрсетсе, итальяндықтар арасында бұл маркер халықтың тең жартысын құрауы мүмкін, — деді Д. Мукушкина.

Сарапшы қазақ халқының ер адамдар тізбесін алып қарағанда 50%-ға жуығы моңғолдан тарайтын гаплотипке жатады деп отыр. Ал қалған 50% Таяу Шығыс және еуропалық гаплотип болып тұр. Мәселен, Орта жүз қазақтары еуропалық және Таяу Шығыс гаплотипіне жатады. Ал Ұлы жүздің үрім-бұтағы моңғолдардан тараған. Кіші жүз қазақтары Таяу Шығыс және моңғолдан тараған. Орта жүзде қытайлық тармақ та бар.

ДНҚ тест Жошымен байланысты анықтай ала ма?

Д. Мукушкинаның айтуынша, ДНҚ тест туған-туысын, жақынын іздеуге, туыстық байланыстың бар-жоғын білуге өте ыңғайлы. Бірақ, бұл Жошы мен қазақ арасындағы қандайда бір туыстық байланыстың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік бере ме?

Сарапшының айтуынша, ДНҚ қандайда бір ежелгі халықтың гаплотипімен ұқсастығын анықтауға мүмкіндік бергенімен, нақты тарихи тұлғамен, оның ішінде Жошымен байланысты дәлелдеу әзірге қиын. Нақты бір адаммен, оның ішінде Жошымен байланысты дәлелдеу үшін көп дерек қажет. Ол үшін археологиялық деректер мен генетикалық материалдар және Y хромосомасы маркері мен снип (Single Nucleotide Polymorphism) зерттеуі керек. Бұл — геномның белгілі бір позициясындағы нуклеотидтің (ДНҚ-ның негізгі құрылыс бірлігі) өзгеруі немесе түрленуі.

Ата-бабамыздың қайда өмір сүргенін білуге бола ма?

Генетикалық тест ата-бабамыздың көшіп, қонған жерлерін анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ оның ауқымы кең әрі арада ғасырлар өтті. Мәселен, зерттеу кезінде C2 гаплотипінің бірнеше мыңжылдықта Орталық Азия территориясын мекендегені анықталды. Бірақ, бұл ата-бабамыздың нақты қай уақытта қай жерлерді мекендегенін көрсете алмайды. ДНҚ тест кезінде деректер базасындағы өзге де ақпараттарға сүйеніп ата-бабаңыздың қайда өмір сүргені туралы жалпы мәлімет білуге болады. Бірақ, нақты қай ғасырда, қай жерді мекен еткенін білу қиын. Тіпті гаплотип көші-қоны картасы бар. Онда еуропалық топ батысқа, азиялықтар шығысқа қарай көшкені болжаммен көрсетілген.