Сұхбат барысында Головкин алдағы жекпе-жегі жайында және өз қарсыластарының деңгейі туралы сынға жауап берді, деп жазады Sn.kz.
— Өзге боксшылардың менен неліктен қашатынын білмеймін, бұл менің проблемам емес. Бапкерім Абель Санчестен сұрап көріңіздер, бәлкім ол кісі білетін болар, — дейді қазақстандық боксшы.
Оның айтуынша, кез келген боксшы GGG командасымен келіссөздер жүргізе алады.
— Бәріңіз білесіздер, мен кіммен болса да кездесуге дайынмын. Кез келген боксшының келіссөз жүргізуіне ашықпыз. Қазір қиын жағдайда жүрмін. Бәрі айтады: "Мен мықтымын, сенімен келесі жекпе-жекті өткізуге дайынмын" деп. "Міне келісім, қолыңды қой да рингке шық" десем жоғалып кетеді. Ешкім менімен рингке шыққысы келмейді, — дейді Головкин.
"Рингке шығып алып, қорыққан кездеріңіз болды ма?" деген сауалға Головкин:
— Жоқ, ешқашан қорыққан емеспін. Маған бокс ұнайды, рингте өзімді өте жақсы сезінемін. Жекпе-жекті барынша қызықты етіп өткізуге тырысамын. Бұл мен үшін тек спорт, — деді ол.
Естеріңізге салайық, қазақстандық боксшы келесі кездесуін 18 наурыз күні Нью-Йоркте америкалық Дэниэл Джейкобспен өткізеді.