«Елбасымыздың сәуірде шыққан «Рухани жаңғыру» бағдарламасында халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртатындай үлкен бағыттар берілді. Оның ішіндегі ең үлкен жұмыстың бірі — латын әліпбиіне көшу. Біз латын әліпбиіне көшпейміз — ораламыз. Себебі, өздеріңіз білетіндей, 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін біз латын әліпбиін пайдаланып келдік. Алайда белгілі саяси себептермен кирилл қарпіне ауыстық. Қоғам осы талқылаудың аясында бірікті. Әліпбидің екінші нұсқасын алғашқысынан гөрі қолдаушылардың басым екенін бақылап отырмыз. Бәрі де бірте-бірте орындалады. Сондықтан, ортақ жұмысты бірлесіп, жұмыла шешкен оңай деген ойдамын», — дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Астанада өткен «Жаңа әліпби — жаңғыру жолы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде.
Геннадий Шиповскихтің айтуынша, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерде әліпбиді ауыстыру жұмысын көпшілік ойлай қойған жоқ. Себебі, дәл сол кезде Қазақстанның алдында заманның өзге де талаптары тұр еді.
«Алайда 25 жыл өткен соң дәл осы кезеңде әліпбиді ауыстыратын уақыт келді дегенге кәміл сенемін. Әр адам Қазақстанда қазақтың жерін басып жүргеннен кейін қазақ тілін білуі керек. Ешбір тілді шеттетпейміз. Қазақ бола тұра қазақ тілінде сөйлей алмайтындар да баршылық. Латын әліпбиі өз тілін білмейтін қазақтарға қазақ тілін меңгеруде керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Сенат Төрағасы айтып өткендей, бұл тұрғыда қоғамның пікірін ескеруіміз керек. Себебі, ақылдасып пішкен тон келте болмайды», — дейді Геннадий Шиповских.