ГФР-ға жұмыс сапары ауқымында Қазақстанның Премьер-Министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ГФР-ға жұмыс сапары ауқымында Қазақстанның Премьер-Министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

ГФР-ға жұмыс сапары ауқымында Қазақстанның Премьер-Министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапары ауқымында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметі.

  • 26 Қазан 2012
  • 522
Фото - Caravan.kz

Атап айтқанда, Жалпыгермандық өнеркәсіп бірлестігінің президенті Ульрих Грилломен әңгіме барысында неміс бизнесінің Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға және ірі серпінді жобалар құруға қатысуы мәселелері талқыланды.

«Бүгінгі күні Германия мен Қазақстан арасында экономиканың әртүрлі салаларында серпінді әріптестік жолға қойылған», — деді әңгіме барысында С.Ахметов және елдің ГФР-дың жоғары технологиялар мен инвестициялар трансфертіне мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде, У.Грилло Жалпыгермандық өнеркәсп бірлестігінің Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін қуаттады.

ГФР сыртқы саясат ведомствосының басшысы Гидо Вестервеллемен кездесуде С.Ахметов Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастар соңғы жылдары серпінді және жемісті дамып отырғанын атап өтті. Жоғары деңгейдегі жіті саяси диалог жолға қойылды, екіжақты әріптестік нығая түсуде, елеулі шарттық-құқықтық база жасалды, тауар айналымы көлемі ұлғая түсуде және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық кеңейіп келеді. «Бұл үрдістерге екі елдің көшбасшылары Н.Ә.Назарбаев пен А.Меркель екпін беруде», деп атап көрсетті С.Ахметов.

ҚР Үкіметі басшысының пікірінше, өзара қатынастарға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Берлинге ақпандағы сапары барысында қол жеткізілген саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы уағдаластықтар қомақты серпін берді.

Іскерлік байланыстарды дамытудың өзекті қырлары шикізат, өнеркәсіптік және технологиялық салалардағы әріптестік туралы келісімдерді жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Петер Тильспен кездесуде қаралды.

Сондай-ақ С.Ахметов Германияның бірқатар ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді, оларда тиісті салалардағы ынтымақтастық мәселелері және өзара іс-қимылдың келешегі талқыланды. Атап айтқанда, қазақстандық Үкімет басшысы «John Deere Deutschland» компаниясының вице-президенті — басқарма мүшесі Крис Виггермен, «Wermuth Asset Management GmbH» компаниясының иесі Йохен Вермутпен, «Cassidian/EADS Deutschland» компаниясының аға вице-президенті Эльмар Компанспен кездесті.

Еске сала кетейік, осы жылғы ақпан айында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ГФР-ға сапары өтті, оның барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Үкімет басшысының бұл жолғы сапары қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жандандыра түсуі тиіс.

Германия Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің қатарына кіреді. ҚР кеден органдарының мәліметтері бойынша, 2012 жылғы қаңтар-тамызда өзара сауда көлемі 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт — 1,1 млрд. АҚШ доллары, импорт — 1,4 млрд. АҚШ доллары, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға көп.

Германияның дәстүр бойынша жетекші экспорттық салаларына машиналар мен жабдықтар, электр тауарлары, автомобильдер жатады. Қазақстаннан ГФР-ға ферроқорытпалардың — 52,1 пайызы, мұнай газы мен газ тәріздес басқа да көмірсутектердің — 18,3 пайызы, күмістің — 7,8 пайызы жеткізіледі. Қазақстан неміс нарығына мұнай жеткізушілердің арасында үшінші орын алады.

ҚР Статистика агенттігінің ақпараты бойынша, 2012 жылдың 1 қаңтарына Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1200-ден астам бірлескен кәсіпорындар тіркелген. Республикада «Freudenberg», «Pazdera AG», «Frontier Capital Partners», «Rodl & Partner», «Remondis», «Funke», «Elpro» және басқа да танымал неміс компанияларының өкілдіктері ашылған.

С.Ахметов Э.Кордеске Германия экономикасы Шығыс комитетінің 60 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Әңгіме барысында С.Ахметов соңғы жылдары екі елдің арасындағы экономикалық өзара қарым-қатынас біршама жандана түскенін атап көрсетті. Германия Қазақстанның жетекші іскерлік әріптестерінің бірі болып табылады. 2012 жылғы қаңтар-тамыз айларында сауда айналымы 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

Үкімет басшысы Германия бизнесі Қазақстан экономикасына кеңінен тартылғанын, елімізде герман капиталының қатысуымен бірлескен кәсіпорындарды, германиялық компаниялар мен банктердің өкілдіктерін қоса алғанда, шамамен 1200-ге жуық экономикалық құрылым тіркелгенін айтты.

«Біз Мемлекет Басшысының ақпан айында Берлинге жасаған сапары барысында қол қойылған шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық салаларда әріптестік туралы Келісімді іске асыру үшін белсенді жұмыс істеуіміз қажет», — деді С.Ахметов.

Үкімет басшысының пікірінше, Келісімді іске асыруда стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-герман Іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.

«Қазақстан жағы экономиканың басым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруда германиялық компаниялардың жан-жақты қолдауын қашан да құптайды.. Олар Қазақстан экономикасына озық технологиялармен бірге инвестициялар мен инновацияларды тартуды қамтамасыз етеді. Бұл орайда, Қазақстанда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты және бизнесті жүргізуді дамыту үшін барлық жағдай жасалуда», — деді С.Ахметов.

«Біз 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесін өткізу үшін Астананың кандидатурасын қолдағандарыңыз үшін Сізге және Сіз арқылы Германия экономикасы Шығыс комитетіне ризашылығымызды білдіреміз», деп түйіндеді Премьер-Министр.

Өз кезегінде, Э.Кордес Қазақстан экономикасына жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту үшін бірлескен кәсіпорындарды құруда өзара мүдделіліктің бар екенін қуаттады.

«Менің ойымша, Қазақстан мен Германияның арасындағы өзара байланыстар белсенді сатыға көтерілді»,- деді ГЭШК басшысы.

Ағымдағы жылдың ақпан айында Н.Ә.Назарбаевтың ГФР-ға сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Үкімет басшысының бұл жолғы сапары қол жеткізілген келісімдерді іске асыру үшін жұмысты жандандыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар