Айта кету керек, Қ.Бисенов 2007 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымына депутат болып сайланды. Жуырда ғана ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.
Автордың жаңа жинағына мақалалары мен сұхбаттары, Парламент мінберінен жария еткен депутаттық сауалдары енген.
Мақала мен сұхбаттарда Қазақстанның сыртқы саясаттағы көзқарасы мен беделі, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі атқарған ізгі қызметі, әлемдік қоғамдастықтағы мемлекетіміздің рөлі жан-жақты көрініс тапқан.
Ғалым өзі айналысып келе жатқан техника ғылымдарының жаңалықтары мен жетістігін ХХІ ғасырда өмірге енгізудің маңыздылығына айрықша тоқталады. Келесі бір мақаласында тәуелсіз Қазақстанның ғылым мен білім саласындағы қол жеткізген табыстары мен алдағы көкжиектері жайлы жан-жақты баяндаған.
Осы кітаптан Қазақстандағы барлық деңгейдегі білім беру жүйесінің жаңа реформалары, еліміздің оқу-тәрбие саласын халықаралық білім деңгейімен теңестірудің жолдары, жоғарғы оқу орындарында білім алудың жаңа бағыттарының оң өзгерістері, «Ғылым туралы» заңның жаңа қағидаттары туралы мол мағлұмат алуға болады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген түбі бір түркі тілдес елдердің басын қосып отырған Түрк ПА-ның аз жылдың ішіндегі жетістіктері де қамтылған.
Еңселі елордамыздың әлемдегі айшықты қалалардың біріне айналғанын ғалым сәулет өнерінің даму дәстүріне баға бере отырып ашады.
«Жинаққа енген материалдарға назар салған оқырман көңіліне қонымды ой, пайымды пікір тапса, менің де ойлаған мақсатымның орындалғаны»,- дейді кітап авторы.
Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жарыққа шығып отырған бұл кітаптың оқырман қауымға, ғылым мен білім жолында жүрген жастарға берер тағылымы мол болмақ.