Ғашықтар Шымкенттегі түзету мекемесінде некелерін қиды
|
Түрмедегі той! Бір-біріне ынтық ғашықтар Шымкенттегі түзету мекемесінде некелерін қиды. Жас жұбайлар бұл күнді 6 жыл бойы күткендерін айтады. Ал толыққанды отбасы болу үшін қалыңдық күйеуінің бостандыққа шығуын тағы 5 жыл күтуі керек.
Бәрі де кәдімгі тойдағыдай. Мендельсон маршы, ақ көйлек киген қалыңдық. Неке жүзіктері де саф алтыннан. Тек күйеу жігіт тұтқын киімінде. Ал некелесу рәсімінің күәгері - түрме әкімшілігі. Қонақтар да санаулы. Олеся мен Константин бұл күнді 6 жыл күтті.
Қос ғашық осыдан жеті жыл бұрын танысыпты. Екі жылдан соң жігіті есірткі тасымалдағаны үшін 10 жылға сотталады. Содан бері ғашықтар бір-бірімен кездесе алмаған. Өйткені түзеу мекемесінің тәртібі бойынша жазасын өтеушілерге тек туыстарымен ғана кездесуге рұқсат. Бастапқыда жазасын Ақтауда өтеген Константин туберкулезге шалдыққан соң Шымкенттегі арнайы түзеу мекемесіне ауыстырылыпты.
Олеся Шалуева, қалыңдық:
- Ақтаудағы түрме басшылығына үйленуге рұқсат етуге жазған өтінішім аяқсыз қалды.
Константин Фокин, жазасын өтеуші:
- Енді Шымкентте үйлендік. Болашаққа деген үміт пайда болды. Мен өз жарымды бақытты етуге уәде берем.
Шампан орнына - шырын. Спирттік ішімдіктер мұнда тыйым салынған. Түрмедегі той-түзеу мекемесінің қызметкерлері үшін таңсық дүние. Талай жыл қызмет еткендердің өзі мұндайды көрмеген. Бірақ, жазасын өтеушілер темір тордың ар жағында болсын отау құруға деген ниетін мекеме әкімшілігі жақсылыққа жорып отыр.
Айдар Нұрсейітов, 167/2 түзеу мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- «Жанұялы боламын, бала-шағалы боламын» деген мақсаттың өзі мұның тәртібін және жүріс-тұрысын осы мекемеде дұрыстауға үлкен әсерін тигізеді. Себебі, сотталған азамат ертерек бостандыққа шығуды ойлайды.
Константинге кесілген жаза мерзімінің аяқталуына әлі 5 жыл бар. Ал оған дейін үйлену тойдың құрметіне түрме әкімшілігі жас жұбайларға кездесулеріне рұқсат етті. Бал айы болмаса да мауқын басуға жаңадан некелескендердің екі тәулік уақыты бар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін