Өзінің келесі кездесуін Головкин 2014 жылдың 1 ақпанында Монте-Карлода өткізеді. Boxrec.com порталының мәліметтеріне сәйкес, жерлесіміздің қарсыласы WBA уақытша чемпиондық атағының иегері 31 жасар британдық Мартин Мюррей болмақ.
Мюррей өзінің соңғы жекпе-жегін 2013 жылдың сәуір айында өткізіп, аргентиналық Серхио Мартинестен ұпай бойынша ұтылған.
Головкин бұған дейін дәл сол Мартинеске қарсы шығуды қалайтынын мәлімдеген еді. Ал оның промоутері Геннадий британдық Карл Фроч немесе американдық Андре Уордпен бәсекеге түсу үшін 76,2 килограмм дәрежесіне өтуі мүмкін деген.
Естеріңізге сала кетейік, Головкин 3 қараша күні Нью-Йоркте американдық Кертис Стивенске қарсы жекпе-жегінде чемпиондық атағын сақтап қалған. 8 раундтан соң американдық боксшының командасы кездесуді жалғастырудан бас тартты. Бұл Головкиннің 28 кездесудегі 28-ші жеңісі.