Грант бар, нәтиже жоқ: Жастар неге мамандығымен жұмыс істемейді? - kaz.caravan.kz
  • $ 537.34
  • 623.05
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Грант бар, нәтиже жоқ: Жастар неге мамандығымен жұмыс істемейді?

Грант бар, нәтиже жоқ: Жастар неге мамандығымен жұмыс істемейді?

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған талапкер жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы түседі. Бұл – білімге тең мүмкіндік, әлеуметтік әділдік қағидаттары бойынша дұрыс саясат. Алайда сол грантқа түскендердің елеулі бөлігі кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл – тек жеке таңдау мәселесі ме, әлде жүйелі дағдарыстың көрінісі ме?

  • 18 Шiлде
  • 8
ФОТО: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы статистикаға сәйкес, 2022 жылы 61 мың грант берілді, ал Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша сол жылы мектеп түлегінің саны 161 мыңнан асты. 2023 жылы 73 мың грант беріліп, түлектер саны 168 мыңнан асты.

2024 жылы мектеп түлектері саны рекордтық деңгейге – 219 мыңнан асты және оларға 79 мың грант бөлінді. Енді биыл 77 мың грант бакалавриатқа бөлініп отыр.

Грантта оқыған жастар неге жұмыссыз?

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау педагогикалық кадрларды даярлау жүйесінің тиімділігіне қатысты мәселе көтерген болатын.

Экономика, денсаулық сақтау, цифрландыру немесе патриотизм – мұның бәрінің бастауында мұғалім тұр. Сондықтан мұғалімдерді даярлау саласындағы қателіктер тек басқарушылық қателіктер ғана емес, сонымен қатар ондаған жылдар бойы салдары бар стратегиялық қателіктер. Аудит деректері бойынша педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс жылдар бойы нақты қажеттілікті есепке алмай, тиісті мониторингсіз және еңбек нарығындағы нақты жағдаймен байланыссыз қалыптастырылады, — дейді депутат.

Мәселен, 2022 жылы қажеттілік 7,5 есе, 2023 жылы 9,3 есе артқан. Үш жыл ішінде бұл бюджеттің 31,8 млрд теңгеге немесе 13 905 қосымша грантқа артық шығындалуына әкелді.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша түлектердің 90%-ы жұмысқа орналастырылмаған. 35 мыңнан астам педагог жұмыссыз, ал 60 мыңнан жұмыспен қамту туралы деректер мүлдем жоқ. Сонымен қатар заңда көзделген жоғары білімнің қазіргі жағдайы бойынша ұлттық есеп 2 жыл қатарынан жарияланбайды. Неліктен мемлекет тіпті мемлекеттік білім беру жүйесінде сұранысқа ие емес мамандарды даярлауға миллиардтаған қаражат жұмсайды? Не дұрыс болмады және жағдайды түзету үшін не жасалады? – деп сұраған болатын депутат Нұргүл Тау Мәжілісте.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз кезегінде министрлік құрылғалы педагогикалық кадрларды даярлау мәселесін бақылауға алғанын айтты.

Жүйелі шешімдерді қабылдадық. Ғани Бектайұлы (Оқу-ағарту министрі – ред.) екеуіміз тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс Еңбек министрлігі берген еңбек нарығының болжамына тікелей сәйкестендірілген. 2030 жылға дейін орта болжам бойынша 883 000-нан астам маман тапшы болады. Оның ішінде 20%-ы педагогикалық кадрлар. Сол себепті қазір мемлекеттік тапсырысымыз осы 20%-ға ұштастырылған. Мысалы, биыл берілетін 77 мыңдай гранттың 15 мыңға жуығы педагогикалық кадрларға бағытталған, — деп жауап берді министр.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрге депутат мамандарды даярлауға миллиардтаған қаржы жұмсалатынын сұрап, нақты сұрақ қойғанын ескертті.

Негізі нақты сұрақ болды. Мамандарды даярлауға миллиардтаған қаржы жұмсалады, бірақ олар кейін қажетсіз болып қалады. Жұмысқа 90%-ына дейін орналаспайды. Сұрақ солай қойылды. Оған нақты жауап беріңіз, тек сапа туралы емес, — деді спикер.

Саясат Нұрбек депутат Нұргүл Тау берген деректер ескі екенін атап өтті.

Ол деректер 2019-2021 жылдарға берілген. Ұстаздар тек мектепке емес, ашылып жатқан халықаралық, шетелдік мектептерге, жаңа оқу орындарына орналастырылды. Бұл туралы толық ақпаратты біз беруге дайынбыз, — деп айтты Саясат Нұрбек.

Қанша студент мемлекеттік грантпен оқуды бітірді? Олардың қаншауы жұмысқа орналастырылды? Депутат 90% (орналаспады) деп отыр, — деп айтты Мәжіліс төрағасы.

Саясат Нұрбектің айтуынша, түлектердің 90%-ы жұмыспен қамтамасыз етілмеді деген ақпарат берілді. Оның ішінде 30 мыңы жұмыссыз, ал 60 мыңы бойынша ақпарат берілмеді деген дерек бар. 60 мың түлек бойынша толық ақпаратты беруге дайынбыз деді министр. Оның айтуынша, олар жұмысқа орналастырылған.

Ал 2022-2023 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс толыққанды Еңбек министрлігі берген ақпараттармен сәйкестендірілген.

Министр мырза, бұл өте маңызды мәселе. Бұл мемлекеттің ақшасы далаға шашылып жатыр деген сөз. Депутат осы мәселені көтеріп отыр. Қазіргі таң бар. Бірақ бүгін кешегі таң туралы әңгіме болып отыр. Қазіргі таңдағыны келесі жылы сөйлесеміз, — деді Ерлан Қошанов Саясат Нұрбектің қазіргі таңда жүйелі шаралар қабылданды деген сөзін сынап.

Грант – мақсат па, құрал ма?

Көптеген түлек үшін мемлекеттік грант – сапалы білімге жол емес, тек “тегін оқу” мүмкіндігі. Таңдау көбіне баллға, конкурсқа, ата-ана нұсқауына немесе достар кеңесіне негізделеді. Осыдан келіп – өз ісін сүймейтін маман, жұмысын жек көретін қызметкер, экономикалық тиімсіздік пайда болады.

Университеттердің жауапкершілігі қандай?

ЖОО-лар түлектерінің еңбек нарығына бейімделуіне аса бас ауыртпайды. Көп оқу орны үшін басты мақсат – грант санын арттыру, студент тарту, есептілік. Ал оқу бағдарламалары мен өндірістік тәжірибенің шынайы өмірге бейімділігі екінші кезекте қалып қояды.

Қайта даярлық және қосымша курстар

Қазір Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жастардың бір бөлігі – IT, маркетинг, SMM, бизнес, аналитика сияқты мүлде басқа бағыттарда қызмет етуде. Бұған не себеп? Олар диплом алған мамандығынан үміт үзген. Бұл салаларға бейімделу үшін жастар қосымша курстарға жүгінеді, бірақ бұл – қосымша шығын, уақыт пен мотивацияны талап етеді. Сонда бастапқыда мемлекет бөлген грант пен инвестиция кім үшін тиімді болды?

Шешім қайда?

Бүгінгі күрделі жағдайда жүйелі реформа қажет. Тек мектеп бітірген түлектерді ғана емес, барлық мүдделі тараптарды қамтитын ортақ жауапкершілік моделі керек.

Елордалық Назгүл Жанабекқызы Л.Гумилев атындағы университетте грантта оқыған түлектердің бірі. Бүгінде ол оқыған мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Десе де отандасымыз грантта оқығандардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейтінімен келіседі. Сөзінше, түлектер мемлекеттік грантпен оқыған біліміне сай жұмысқа орналаса бермейді.

Менің танысым бар. Ол ауыл шаруашылығы саласы бойынша грантта оқыған. Бірақ жұмысқа орналасайын десе жұмыс жоқ. Қазір ағылшын тілін білгендіктен шетелдік компанияда қызмет етіп жүр. Менің ойымша, мемлекет грантты дұрыс үйлестірмейді. Мысалы, түлек ветеринария бойынша білім алады, бірақ оқуды аяқтаған соң жұмысқа тұрғысы келеді, бірақ бос жұмыс орны болмайды. Сондықтан алдымен елімізге қандай мамандар жетіспейді, қай салада маман көп — тізімін жасап, грантты жүйелі түрде бөлу қажет, — дейді елордалық.

Оның сөзінше, кейде түлектер 4 жыл оқыған грантын 3 жыл бойы өтегенше, ақшасы болса, айыппұлын төлей салғысы келеді. Бұл мамандығына деген сүйікпеншіліктің, қызығушылықтың жоқтығын білдіреді дейді.

Қорытындылай келе, грант – мемлекеттің болашақ маманға жасаған инвестициясы. Бірақ қазіргі жағдайда бұл инвестицияның қайтарымы күмән тудырады. Егер грантпен оқыған түлек алған білімімен елге пайда әкелмесе, бұл – жүйенің кемшілігі. Сол үшін жүйені реттеу уақыт талабы.

Перейти к новостям спорта