Грузия президенті Э.Шеварднадзе орнынан түсті - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Грузия президенті Э.Шеварднадзе орнынан түсті

Грузия президенті Э.Шеварднадзе орнынан түсті

Кеше, 23-қарашада Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе өзінің отставкаға кететінін жариялады. Жаңалықтар сайтарының хабарлауынша, ол өзінің шешімі туралы оппозиция жетекшілері Михаил Саакашвили мен Зураб Жваниямен келіссөздерден кейін хабарлаған.

  • 24 Қараша 2003
  • 556
Фото - Caravan.kz

Өзінің осындай шешім қабылдау себебіне түсініктеме берген Э.Шеварднадзе ел ішінде қантөгіске жол бермеу үшін орнынан түскенін жеткізді. «Жағдайды бағамдап отырсам, оқиғаның қан төгіссіз тәмамдалмайтын түрі байқалады, ондай атты күн туса маған өз құзыретімді пайдаланып күш қолдануға тура келер еді. Бірақ ондай қадамға баруға болмайтындықтан отставкаға кету туралы актге қол қойдым»,- деді ол.

Тбилисиде бірнеше күнге созылған оппозициялық митингіге қатысушыларға Грузия президентінің орнынан түскендігі туралы хабарланды. Оппозиция жетекшілерінің бірі Нино Бурджанадзе парламент ғимаратының терезесінен «Жеңіс!»,- деп айқайлаған кезде алаңдағы халық масаттана шу етіп, оқиғаның соңы мерекеге ұласты.
Соның алдында ғана «Бурджанадзе-демократы» блогының жетекшісі Нино Бурджанадзе мемлекет басшысының міндетін өз мойнына алатынын хабарлаған болатын. Ол кезектен тыс парламент және президент сайлау өткізілгенге дейін 45 тәулік бойы Грузия мемлекет басшысының міндетін атқармақ.
Э.Шеварданадзені отставкаға кетуге бірнеше күн бойы наразылық митинглерін өткізіп, тегеурінді қарсылық көрсеткен оппозиция мәжбүр етті. Оған 2-қарашада Грузияда өткен парламент сайлауы себеп болды. Грузия Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, сайлауда президентті жақтайтын партиялар жеңіске жеткен. Сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартқан оппозиция мен оның жақтастары Тбилиси көшелеріне шықты. Жаңадан шақырылған парламенттің отырысы өтуге тиіс 22-қараша, сенбіде шиеленіс шарықтау шегіне жетті. Жаңа парламентте Э.Шеварднадзе сөз сөйлеп жатқан кезде залға басып кірген оппозиция жақтастары президентке қарсы ұран сала бастады. Ақыры Э.Шеварднадзе парламент ғимаратын тастап шығуға мәжбүр болды. Бұдан соң Грузия президенті елде төтенше жағдай жариялады. Ал оппозицияны жақтаушылар парламент ғимараты мен мемлекеттік кеңсені басып алып, Тбилиси орталығындағы наразылық митинглерін одан әрі жалғастырды.
Сенбі күні кешкісін Грузияға Ресей сыртқы істер министрі Игорь Иванов келді . Араздасқан жақтармен екі күн бойы келіссөздер жүргізген ол кеше оппозиция жетекшілерімен бірге Грузия президенті орналасқан Крцаниси үкіметтік сарайына келді. Біраз уақыттан кейін Ресей СІМ келіссөзге қатысушыларды тастап еліне қайтты. Осыдан біраз уақыттан кейін Э.Шеварднадзе өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді.
Елдің танымал саясаткерлері мен әскерилері бұған дейін Э.Шеварднадзеге ел ішінде қантөгіске жол бермей, билікті өз еркімен босатып беру жөнінде кеңес берген болатын. Грузияның бірқатар әскери бөлімшелерінің қолбасшылары да төтенше жағдайға байланысты шараларға қатысудан бас тартатындықтарын журналистерге хабарлаған болатын.
Грузияның шекаралық әскерлері де саяси тартысқа атсалысудан бас тартты.
Дүниежүзіндегі аузы дуалы жетекшілердің басым көпшілігі бұл оқиғаны елдің ішкі ісі ретінде танып, Грузиядағы жағдайға салқынқанды көзқарас ұстанды.

Соңғы жаңалықтар