Қазақстан жағынан комиссияны ҚР көлік және коммуникация министрі Асқар Мамин, ал Грузия жағынан осы елдің экономикалық даму министрі Ираклий Чоговадзе басқарады. Отырыста екі елдің сауда-экономикалық саладағы, сондай-ақ, энергетика, көлік, қаржы, табиғат қорғау, туризм, байланыс және ауылшаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды.
Тараптар 2006-жылдың 1-қаңтарынан бастап 10 жыл мерзіммен Грузияға жылына 2 млрд. текше метр Қазақстан газын сату туралы ұзақ мерзімді келісім-шартқа бір айдың ішінде қол қою, Қазақстан мұнайын Баку-Супса мұнай құбырының мүмкіндіктерін пайдаланып тасымалдау мәселелерін қарастыруға келісті. Қазақстан жағы жоғары кернеулі электр жалғастыру желілерін тартуға Қазақстандық капиталды жұмсау мүмкіндіктерін қарастырады.
Тараптар ТРАСЕКА көлік дәлізі арқылы тасымалды дамыту жөніндегі көп жақты келісімнің ережелерін жүзеге асыруға дайын екендіктерін тағы бір дәлелдеп, Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның тиісті министрліктері басшыларының кездесуін таяу уақыттарда Қазақстанда ұйымдастыруға уағдаласты. Онда Поти-Баку-Ақтау-Алматы және кері бағыттағы тасымал мен оның тарифтері , осы бағытта контейнер тасымалдайтын отарбаны іске қосу, ауылшаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің тасымалдау көлеміне байланысты белгіленетін арнайы баға мен Баку-Ақтау-Баку бағытында жүк тасымалдау тарифтерін біріздендіру мәселелері талқыланады. Сонымен бірге Поти және Батуми айлақтарында астық терминалын салудың тиімділігі туралы мәселе пысықталады.
Бұған қоса екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату, Ақтау-Баку учаскесінде оптикалық-талшықты байланыс желісін тартып пайдалануға беру жайы қаралады.
Үкіметаралық комиссия отырысының аясында Грузиялық кәсіпкерлермен кездесу өтті. Тараптар кездесу барысында екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері төңірегінде ақпараттар алмасты. Қазақстан жағы инвестициялық жобалардың тізімі мен республикадағы инвестициялық ахуал туралы ақпараттарды таныстырды.
Грузия жағы Қазақстандық капиталға жергілікті транспорт, энергетика, өнеркәсіп, туристік және сауықтыру кешендерін сатып алуға түрткі болуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан президентінің Грузияға сапары аясында Қазақстан Республикасы үкіметі мен Грузия үкіметі арасындағы 2006-2010-жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен өзара әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы тиісті хаттамаға қол қойылады деп күтілуде.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті