Гудбай, Қашаған! Нихао, Ұрықтау! Немесе Қазақстанның мұнайгаз кеніштеріне шапыраш көзқарас - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Гудбай, Қашаған! Нихао, Ұрықтау! Немесе Қазақстанның мұнайгаз кеніштеріне шапыраш көзқарас

Гудбай, Қашаған! Нихао, Ұрықтау! Немесе Қазақстанның мұнайгаз кеніштеріне шапыраш көзқарас

Ағып келіп жатқан жаңалықтардың көптігі мен оның құпиялығына қарасақ, Қашаған мен Ұрықтау кенішіндегі Қазақстан үлесін қытайлық ірі корпорациялар сатып алулары мүмкін.

  • 6 Маусым 2011
  • 869
Фото - Caravan.kz


Қашаған неден басталды

Ашық дерек көздерінің материалдары бойынша Қашаған супер ірі мұнайгаз кеніші, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Ол Каспий жағалауы мұнайгаз өлкесіне жатады және 2000-шы жылы 30-шы маусымда «Восток-1» ұңғысымен ашылған. Қашаған соңғы 40 жыл ішінде ашылған әлемдегі ең ірі теңіздегі мұнайгаз кеніштерінің бірі.

Оны иегру күрделі геологиялық жағдайда жүріп жатыр: қайраң аймағында, өте терең жатқандығында (5500 метрге дейін), жер қыртысының қысымы өте жоғары (80МПа), құрамында күкіртті сутегі өте жоғары. (19 %-ға дейін барады).

Қашаған қоры 1,5-10,5 млрд тонна аумағында деп болжануда. Оның ішінде Шығыс бөлігіне 1,1-8 млрд тоннасы, Батысына 2,5 млрд тонна және Оңтүстік-Батыс бөлігіне 150 млн тонна келеді. Қазақстандық геологтардың пайымдауынша Қашаған қоры 4,8 млрд тонна деп бағаланып отыр.

Жоба операторының мәліметтерінше, мұнай қоры 38 млрд баррель немесе 6 млрд тонна, оның ішінде өндірілетіні – 11 млрд баррельдей. Қашағанда 1 трлн текше метрдей газ қоры да бар.

Бірақ біз «Қашағанды игеру» туралы айтқан кезде, көп жағдайда Каспийдің солтүстік бөлігіндегі Қашағаннан басқа бірнеше елеулі кеніштер – Ақтоты, Қаламқас және Қайраң туралы да айтамыз.

Тек қана Қашағанда ресми түрде өндірілетіні 11 млрд баррель мұнайды барреліне бюджеттік $60 деп есептегенде – $660 млрд немесе ХВҚ-ның 2/3 валюталық қоры, немесе ҚХР-дың 1/5 валюталық қоры деген сөз. Басқа да үш кеніш пен табиғи газды есептегенде NorthCaspianOperatingCompany(жоба операторы — ҚазТАГ) жұмыс істеп отырған қайта қалпына келмейтін қуат көзінің құны бірнеше триллион АҚШ доллары тұрады.

«ҚазМұнайГаз» АҚ бұл жобадан голландиялық KMGKashaganB.V. арқылы 16,81% үлесіне ие. Басқа акционерлер Agip Caspian Sea B.V. (16,81%), ConocoPhillips North Caspian Ltd. (8,4%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,81%), Inpex North Caspian Sea Ltd. (7,56%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,81%) жәнеTotal E&P Kazakhstan (16,81%).

Қашағанды игерудің лирикасы

Кеніш ХІХ ғасырдағы маңғыстаулық атақты жырау Қашаған Құржыманұлының 150 жылдығын тойлау жылы табылды. «Қашаған» сөзі адам мінезін сипаттап – асау, ұстатпайтын дегенге саяды. Сөз реті келгенде ай та кетерлігі – кенішті игеру де бірнеше рет кейінге шегерілді. Соңғы мәліметтер бойынша, онда өндіру 2013-ші жылы басталмақшы.

2003-ші жылы BritishGasөзінің 16,67%үлесін Қытайлық Sinopecпен CNOOCмұнай компанияларына $1,230 млрд-қа сатуға келісті. Ол мәміле консорциумға мүше басқа мемлекеттердің қолдауынан соң, одан кейін қазақстандық және қытайлық мемлекеттік органдардан рұқсат алған соң рәсімдлелуі тиіс.

Жобадағы барлық дерлік серіктестер Қашағандағы үлесті сатып алудағы басым құқығынан бас тартып, тек англо-голландиялық Royal Dutch/Shell мен американдық Exxon Mobil ғана бас тартпады. Сондықтан қытайлық мұнай алыптарына жобаға кіру сәті түспеді. Бірақ бұл жекелеген ұрыстағы ғана жеңіліс болды.

Газқұбырлық wiki-шындық

2004 жылы ортаазиялық мемлекеттерде қытайлық ұсыныстың көмегімен ҚХР-ға құбыр тарту идеясы туындады. Әрине, мұнда бірнеше факторлар болды: сатушылардың пікірінше ресейлік Газпромның газды тым арзан бағаға сатып алуы, Еуропаның аймақтағы адам құқығына қысым жасауы, және, әрине, қытайлық іші-бауырыңа кіріп кететін лобби болды.

Жұмыс жоспарына сай Түркменстаннан Қытайға газ құбырын салу жоспарланды, ал Қазақстан өзінің оңтүстік аймақтарын Бейнеу-Бозой-Шымкент тармағымен батысқазақстандық газбен қамтамасыз етпекші болған. Бұл аты шуылдағаны болмаса, қоры аздау Амангелді газ кенішіне тәуелділікті азайтуы тиіс тұғын. Айтпақшы, Бейнеу-Шымкент тармағын ешкімге тәуелді болмас үшін мемлекет өз қаражатына салып, экспорттан бұрын қазақстандық тұтынушыны басты мақсат тұтқан. Бірақ біз әдетте жақсы ниеттің немен аяқталатынын білеміз ғой. Тозаққа апаратын жол да сол ниеттермен тапталған шығар…

Қазақстан үкіметіндегі газ құбырын салу туралы шешім қабылдау үдерісі, көптеген басқа да шешімдер қабылданатыны сияқты бұлыңғыр, күңгірт болатыны таңдандырмайды. Қорытындысында Қазақстан Қытайдан ақша сұрады. Қытайлықтар жақсы қарсы алып, стандартты қытайлық сұлбамен қаржыландыруды ұсынды: «мы вам деньги, а вы нам стулья» («біз сіздерге ақша, ал сіздер бізге орындық»), бірақ өздеріңіздің ресурстарыңыз түрінде.

Wikileaksмәліметтерінше, 2005-ші жылы қазақстандық мұнай және газ институтының (ҚМГИ) басшысы Серік Бүркітбаев американдықтарға Қытайдың Каспийдегі оффшорлық блокты сұрап отырғанын жеткізді. Оны олар Қытайға тартылатын газ құбырына қолдау көрсеткені үшін алмас ретінде сұрапты.

«Бүркітбаев Қазақстанның ҚХР-ға газ құбырын салу ұсынысына қолдау көрсетуге алмас ретінде Қытайдың Каспий теңізіндегі оффшорлық блокты сұрап отырғанын жеткізді. Ол тура солай айтты – «блог болмаса, газ құбыры да болмайды» деп. Бөлек-бөлек салынатын бұл газ құбыры алдымен түркімен және өзбек газын тасымалдап, кейін Қазақстанның батысындағы газды тасымалдауы тиіс», — делінген американдық елшіліктің АҚШ мемлекеттік департаментіне жолдаған депешасында.

С. Бүркітбаев Қазақстанның Атасу-Алашаңқай мұнай құбырына наразылығын да айтып, қытайлықтармен жұмыс істеу ауыр екенін жеткізді. Атасу-Алашаңқайға мұнай құбырына қатысты «үкімет те мұнай компаниялары да оған қуанып отырған жоқ» екенін атап көрсетті. Ол, Қазақстан үкіметі қытайлықтардың мұнай құбырын қаржыландырып және толтыратындығы туралы шартын қабылдаған соң, бақылаудың басым бөлігінен айрылып қалды деген пікірі білдірді.

Содан кейін үш жыл өткенде Қазақстан газ құбырын сала бастады. Айтпақшы, С. Бүркітбаев жоба құны (Қазақстан-Қытай газ құбыры – ҚазТАГ) $3-4 млрд тұратындығын, ал біз несиені одан екі есе артық алдық, деп атап көрсетті.

Қазақстан-Қытай газ құбыры 2009-шы жылы желтоқсанда іске қосылғаны белгілі. «Азия газ құбыры» ЖШС (50/50 үлестегі қазақ-қытай БК – ҚазТАГ) бас директоры Бейімбет Шаяхметов БАҚ-қа хабарлағандай, «жобаны іске асыру барысында көптеген цифрлар түзетілді». Газ құбырының құрылысының құны жоспарланған $6 млрд-тың орнына $7,5 млрд болды.

Ақшаңыз болса, кез келген еркелігіңіз орындалады

Қазақстан үкіметі бастапқыда қытайлықтармен мұнай саласындағы ынтымақтастыққа «аса мәз емес» екенін, «көңіл толмаушылығы артып отырғанын» білдірсе, біздің шенеуніктерді «қуантып», «қанағаттандырған» не деген сұрақ туындайды?

Жауап қарапайым — ақша. Үлкен ақша. Шенеуніктерге арналған көп ақша. Қазақстанның мұнай-газ саласына ақшаның иісі сіңіп кеткен.

Орталық Азия – ҚХР газ құбырының құрылысы кезеңінде қытайлық шенеуніктер Бейнеу-Бозой-Шымкент тармағы бойынша келіссөз бастады. Бірінші газ құбыры бойынша қармаққа ілінген жем — $7,5 млрд-ты жұтып қойса, Қазақстан екіншісіне тезірек келісім береді.

Дәл солай болды. Біздің шенеуніктер газ түгелдей қазақстандық тұтынушыларға беріліп, қалдығы қытайлық құбырға баратынын айтып сендіруде. Бірақ іс жүзінде басқаша шықты: қытайлық шенеуніктерге өздерінің бір жарым миллиард халқын қамтамасыз ету қажет болып тұр.

Қытай бізге $10 млрд-тан аса қаржы бөліп, біздің қалдық газымызды қанағат тұтады дегенге кім сенеді. Қытайлықтар Ұрықтау ірі мұнай-газ кен орнын сатып алып, Қазақстан-Қытай газ құбырына қосылып алып, Бейнеу-Шымкент тармағымен біздің газымызды Аспан асты еліне жеткізетін болады. Бұл үшін техастық газеттердің мақалаларынан кейін аузын ашпай отырған аса мөлдір «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға алғыс айту керек. Бұған дейін жазғанымыздай, Ұрықтау мемлекеттік кен орны көп көлемде салық төлемеуге болатын шетелдік салық айлағында сатылатын сияқты.

Жігіт айтты, жігіт сатты

Румыния мен Ирактың нарықтарында жұмыс істейтін жаһандық компания қызықты жаңалық жариялады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы Қашаған мұнай-газ кен орнын игеру үлесін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес құрылымына беру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл туралы 26 мамырда оның басшысы Қайыргелді Қабылдин хабарлады.

«Неге солай жасамасқа?… Жобадағы үлесті беру қарастырылып жатыр, бірақ бекітілген жоспар жоқ», – деді Қабылдин Алматыда журналистерге. Ал одан бір күн бұрын «ҚазМұнайГаз» бен оның өндіруші еншілесі ҚМГ БӨ-нің Каспийдегі оффшорлық блоктарға ықтимал қатысуы туралы меморандумға қол қойды. Атап айтқанда, меморандум ҚМГ БӨ-ге бірқатар мұнай-газ жобалары, соның ішінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан кен орындары бойынша геологиялық-геофизикалық және қаржылық-экономикалық мәліметтерге жол ашуды қарастырады. Жобалардың тізіміне Жамбыл, Үстірт (Өлі Қолтық), Жеңіс, Година, С-1 және С-2, сондай-ақ, әбден жалықтырған Ұрықтау кіреді.

ҚМГБӨ ашық компания болып табылатындықтан, оны кез-келген шетелдік компания сатып ала алады. Сол ашық көздердің ақпараты міне, осындай.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ –ның негізгі акционері «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясы (59,38 %). Басқа ірі акционері – Қытайдың China Investment Corp мемлекеттік қоры (11%)». Алайда басқа мәліметтерге сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҚМГ БӨ-нің 78%-ына иелік етсе, 21% The Bank of New York Mellon тиесілі. Бұл американдық банк акцияларға өз клиентінің мүдделері үшін ғана иелік етуі мүмкін. Сұрақ – банк ҚМГ БӨ 21% акцияларының иесін жариялай ма?

ConocoPhillips (NCOC –та 8,4% ) консорциумнан шықпақ ниеті туралы ақпарат жарияланды. Егер батыс компаниялары үшінші жақтың үлесті сатып алу ниетіне кедергі жасамаса, қытайлық компаниялар бұл жерде де армандарына қол жеткізеді.

С. Бүркітбаевтың 2005 жылғы ақпараты және тағы бірнеше мәлімет бізді көңілден шықпас қорытынды жасауға итермелейді. Кайман аралдарындағы қытайлық оффшорлық банктер газ құбырына қарызға ақша беріп, оның орнына бізден өздеріне Каспий теңізінен ірі мұнай-газ кен орнын беру уәдесін алған. Біз әлі күнге дейін өзіміз үшін шығынды газ құбыры үшін қарыздармыз. Былай шығуы мүмкін: олар газ құбырына берген несиелерін кешіреді, бірақ бұған айырбас ретінде Ұрықтау немесе Қашаған, кен орындарының үлесін немесе екеуін бірдей сұрайды.

Аяғы белгісіз несие тарихы

Биылғы жылдың 30 мамырында Алматыда экономикалық қауіпсіздік мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында бір сараптамалық орталықтың өкілі қазақстандық мұнайшылар азиялық компаниялармен келіссөз жүргізе алмайды деген сөзге қарсылық білдірді. Ол егер шешім жоғарыда қабылданса, орта буын менеджерлері өз позициясын қорғай алмайды деді.

Дегенмен, егер орта буын менеджері қаласа, тау қопара алады, өйткені барлық шешімдерді сол деңгейде әзірлеуге болады. Мұнай және газ бойынша қытайлық әріптестермен келіссөздер жүрмей жатқанда, аспанасты елінің өкілдері «достарына қоңырау шалады» дегенді естігенім бар. Сәйкес белгі түскен соң қазақстандық менеджерлерге Астанадан нақты нұсқаулар түседі. Бизнес ережелеріне сәйкес, барлық шешімдер келіссөз барысында және стратегиялық міндет шеңберінде бағамдалады. Егер біздің жігіттер дегендерінде тұра алмаса, стратегиялық позиция деген қайда? Мұны WikiLeaks-тің ҚазТАГ танысып шыққан американдық депешалары да қуаттайды.

Айтпақшы, бізде басқа да ақпарат бар. Мұнай-газ менеджменті келіссөздер сәтті өтті, келісімшарттардың барлық баптары Қазақстан үшін тиімді деп Астанаға өтірік ақпарат хабарлайды екен. Ал іс жүзінде үлкен бастықтарға ақша жұмсағанша, төмендегі буынды сатып алу арзанырақ түсуі мүмкін.

Қытайдан займ алу фактісі ақшаны қайтаратынымызды білдірмейтіні түсінікті. Біздікілер үнемі бір амалын табады. Мысалы, Қазақстан-Қытай газ құбырының құрылысында ірі мердігер қытайлық компания болғанын ескерсек, несиелік келісімді қайта қарап, несиенің жалпы сомасынан қытайлық компаниялардың қаламақысын алып тастауға болады? Мүмкін $7,5 млрд-тан осы жобаны жүзеге асыру үшін Қытайдан сатып алынған жабдықтардың, тауарлардың бағасын да алып тастау керек шығар? Мұнай-газдан алшақтап, $4 млрд-тық несиені ENRC және Kazakhmys Plc компанияларына аударсақ? Ең бастысы – Қазақстанның алдағы уақытта осы жеке меншік компаниялардың есепшоттары бойынша ақы төлемейтіндей қылу. Олай жасау қиын емес, келісімшарттарға ревизия жасау бизнестің классикасы саналады.

Ал ең жақсысы, келіссөздерді кейін үмітсіз жағдайға тап болып, одан шығу амалын іздемейтіндей жүргізу керек. Ұрықтау мен Қашағанды қытайлық компанияларға бермек ниеті болса, өзіміз өңдей алмасақ, шикізатты өзіміз өндіріп, сатқанымыз артық емес пе?

Соңғы жаңалықтар