Жиынды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ашты.
«Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі – ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту. Қазақстанның отбасылық-гендерлік саясат саласындағы жетістіктері мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және бизнес қауымдастықтарының өзара тиімді іс-әрекеті нәтижесінде мүмкін болды», — деді Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, Ұлттық комиссияның 20-жылдығы қызметі барысында Гендерлік теңдік стратегиясы іске асырылды. Гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр. Барлық мемлекеттік органда гендерлік саясатты іске асыруға жауаптылар бар.
«Бүгінгі депутаттардың жалпы санының 22 пайызы немесе 34 әйел – парламент мүшесі. Мемлекеттік қызметте 55 пайызға жуық, саяси мемлекеттік қызметшілер арасында 10 пайыздан астам әйел қызмет етеді. Шағын және орта бизнесте 500 мыңнан аса компанияны әйелдер басқарады. Олар барлық жұмыс орындарының үштен бірін ашып отыр», — деді Мемлекеттік хатшы.
Сөз соңында Гүлшара Әбдіқалықова бүгінгі мерейтойлық жиында айтылатын жаңа идеялар, ойлар мен ұсыныстар Ұлттық комиссияның одан арғы жұмысында қолданылады деді.
Конференцияға Ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, бизнес құрылымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысып отыр.