Бұл туралы ол Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Дінтанушы маманның айтуынша, құранда әйел ер адамның қисық қабырғасынан жаратылған деген нақты сөз жоқ.
”Тарихта әйелдерді ер адамдардың қисық қабырғасынан жаратылды деген түсінік қалыптасып кеткен. Құранда олай ашық жазылмаған. Бірақ, Ниса сүресінің бірінші аятының тәпсірі әйелдер ер адамдардың қисық қабырғасынан жаратылды деп кеткен. Кейінгі екі ғасырда құрандағы әйелдерге қатысты түсініктер мен аяттар қайта қаралып жатыр. Сол жерде Фазлур Рахман онтологиялық тұрғыдағы әйелдер қисық қабырғадан жаратылды деген әйелдерді кемсітуден басталатын түсінік құранда жоқ, мұны құранды түсіндіру дәстүрі кейіннен қалыптастырған деп айтады. Одан кейінгі бірнеше мықты ғалымдар да әйелдердің жаратылыс болмысынан бастап, әлеуметтік статусына дейінгі тақырыптарды қайта қарау керек дейді. Осы тұрғыдан үлкен жаңалық. Бұл кісілердің түсінігі бойынша әйел ер адамның қисық қабырғасынан жаратылды деу әйелдерді кемсіту болып саналады. Уақида деген сөз бір материалдан жаратылды деп аударылу керек дейді. Әйелдерді кемсіту туралы түсініктер исламға сырттан енген деген де болжам бар”, — дейді ол.
Асылтай Тасболат діни фанатизмге өзінің де бой алдырған кезін еске алып, оның алғашқы белгілерін атады.
“Діннің институт ретінде адамға тигізетін әсеріне таң қаламын. Адамдардың барлығы өте қатты максимализмге ұрынады. Дін деген — түсініктердің бәрін 180 градусқа өзгертіп жіберетін өте терең сезім. Әлде исламда фанат қылып жіберетін мазмұнда түсіндіретін дәстүр болды ма деп ойлаймын. Бірақ Фазлур Рахманды оқысаңыз, кейбір дүниелерді ақылға салып түсінетін, байсалды, орнықты түсінік қалыптасатын шығар деп ойлаймын. Фанатизмнің белгілері туған-туыстарыңның, достарыңның ортасында көп сөйлей бастағаныңнан білінеді. Оларды бірден мұсылман қып, өзгертіп жібергің келеді. Көп нәрседен қате көре бастайсың. Фанатизммен көп ауырған жоқпын. Себебі, сопылық дәстүр қазақтың дәстүрімен үйлеседі ғой. Сондықтан беташар харам дегенге түскен жоқпын. Керісінше, ондайларды көргенде таң қалатынмын. Кейін барып хадистегі жүйемен ғана жүру керек деген сәләфизмнің бір тәсілі екенін түсіндік. Көптеген танымал дін ұстанып жүрген жігіттердің көбі әр қайсысы әртүрлі діни топта, жамағатта болған. Біздің қоғам өткенді қаза береді. Қазір олардың тәжірибесі, ақылы, діндарлығы өсті. Қандай топта болса да мемлекеттегі қоғам ретіндегі шындықтарымызды, Қазақстан деген еліміз барын, біртұтас ұлт деген түсінігімізден, ортақ заңнан фанатизмді жоғары қоятын болса, онда ол қауіпті. Мұсылман болып та, ұлтшыл болып та, ғылыммен де айналысып, өркениеттің игіліктерін де қатар көріп жүре беруге болады ғой”, — дейді ол.