"Хайпқа ілінсе болды": Журналистер этикадан жұрдай болып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Хайпқа ілінсе болды": Журналистер этикадан жұрдай болып барады

"Хайпқа ілінсе болды": Журналистер этикадан жұрдай болып барады

Қоғам белсенділері журналистік этика төңірегінде сөз қозғады.

  • 12 Маусым
  • 23
Фото: pinterest.com

Қазіргі журналистердің жағдайы туралы Еркін Мұхамеджанов және Оңғар Қабден жазба қалдырыпты. Caravan.kz медиа порталы толығырақ мән-жайын хабарлайды.

Қазір журналистер қоғам мен биліктің ортасындағы көпір болайын не халыққа бір маңызды ақпарат таратайын демейтін сияқты. Бастысы қаралым жиналса, адамдар оқыса, талқыласа, хайпқа ілінсе болды деген оймен жазбаларын жариялай беретіндей көрінеді.

Ананың үйі қанша тұрады, мынаның сөмкесі қанша, машинасы қай жылғы, күйеуінің жасы нешеде, неше баласы бар деген сұрақтардан ары аса алмай қалған журналистика бұл күйге қалай түсіп жүр? Бүгінгі ақпарат алаңы Экзюпери айтқан «сандардан басқа ештеңе қызық емес ересектер» әлеміне айналып кеткен бе?

Шенеуніктердің соңынан құлағанша қуатын тілшілерге тіпті айтарым жоқ. Сондағысы «халықтың қамы не?» емес, «балаңыз қайда оқиды, несиеңіз ба ма, үйде қант жейсіз бе?». Мұндай сұрақтарды естіген шенеуніктер, әрине, ат тондарын ала қашатын болады.

Журналистер қазір «бастысы қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғасам болды» деген ұстанымды ұстанатын сияқты. Оның қай тұсынан келу керек, не айту керек, қалай айту керек, қалай қозғау керек деп түбіне үңіле бермейтін сынды. «Астарлы ақиқат», «Көремізді» көрсеңіз Қазақстанда емес, бейнебір Африкада тұратын сияқтысың. Жаға ұстатарлық жаңалықтардан соңғы кезде ұстайтын жаға да қалмады.

Енді журналистер де өздері ойланып, журналистік этиканың не екенін түсініп, халыққа, елге пайдасы бар ақпарат тарата бастаса екен деп тілейміз.

Әйтпесе бір кездері Ахмет атамыз айтып, Еркін бауырымыз қостаған халықтың көзі, құлағы һәм тілі болған журналистика бұлай төмендеп, от басы, ошақ қасы әңгімесінен ары аса қалса, болмас. Журналистика мына бетімен кете беретін болса блогерлердің қолына су құюға жарамай қалады.

Айтпағымыз қазақ журналистикасының біз ойлаған бағыттан ептеп, ептеп емес-ау едәуір ауытқып кеткені. Осыдан оншақты жыл бұрын өз арамызда үлкен бір талқы болған. Сол кезде журналистиканың болашағы — нақты салалық және сараптамалық журналистикада деп қорытқанбыз. Яғни журналистикада нақты бір саланы терең меңгерген мамандар мен аналитиктер қалады деген едік. Қателесіппіз. Хайп деген жөйіт шықты. Шықты да дәстүрлі журналистиканың берекесін алды.

Тақырыбын айқайлатып қойып, қоғамның санасын жойдасыз сойып жатырмыз. Этиканы мұқым жиып қойдық. Рас заң бар, жаңадан қабылдап та жатырмыз. Бірақ адамның, журналистің санасына бермесе бекер. Көрерменнің, оқырманның, тыңдарманның жүйке жүйесін күнде зорлау, тықпалау, жаныштау арқылы түбі ауру қылатынымызды ойлағымыз да келмейді. Мен ұсынған «жаңалықты» жұрт оқыса болды, елден ерек көрінсем болды, қалғаны пұл болмаса күл болсын деген ұстаным түбі жарға жықпаса қайтсын?

Бұрынғыдай емес, қазір материал түсіру үшін биік кеңселерге жиі бара бермейміз, бірақ жаңалық атаулыны қалт жібермей қарап, саралап отыру қанға сіңген әдет. Ол жақта да хайп баяғы. Атың шықпаса жер өртенің кері. Абай айтады «жер өртеп шығарған атыңың несі мұрат?». Ызадан күлесің. Қазіргі сұрақтың төресі:

— Сіздің жалақыңыз қанша?

— Сіздің балаңыз шетелде оқи ма, әлде осында ма?

— Сіздің балаңыз, ініңіз, туысыңыз, түгеншені ұрып, істі болып жатыр, қалай ойлайсыз?

Осындай бір берекесіз сауалдар мың түрге боялып, қайта-қайта қойылады. Одан қоғам не ұтады, көремен нені ұғады? Түсінбеймін. Қияс сұрақ қойып әдейі арандату де жиілей бастады. Одан қалды сөз билігі өзінде емес ортаңқолдау шенеуіктерді тақырға тайған тайлақтай тапырақтатып, еңкілдете қуатын ерсі әдет шықты. Сосын оны бір «ғасыр жаңалығы» сияқты жарыса тарату…

Ел қайда, есіл қайда, этика қайда?! Әдемі сөздерді асата бергің келмейді, рас Ахмет атам айтыпты – «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі!». Бірақ сол Ахаң тағы да айтады, біз тірі болуымыз керек, тірі болу үшін ірі болуымыз керек, деп жазды Еркін Мұхамеджанов.