Хакім Абай жүрегіне терең бойламаған соң, ырду-дырдудан не пайда - тарихшы - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Хакім Абай жүрегіне терең бойламаған соң, ырду-дырдудан не пайда - тарихшы

Хакім Абай жүрегіне терең бойламаған соң, ырду-дырдудан не пайда - тарихшы

"Дос жылатып айтады. Сол сияқты Абай да өз ұлтына қатты жаны ашыған. Өзгелермен салыстырған. Кемшілігін түзетсін деген. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым..."

  • 12 Тамыз
  • 13
Фото: Ирбис ТВ

Абай ойшылдың дәл 10 тамыз күні дүниеге келгені туралы қандай құжат, қандай айғақтар бар? Әлде символдық түрде «тағайындалған» күн бе? Осы сұрақты тарихшы Айшуақ Дәрменұлы көпшілікке қойып, қазақтың ұлы ақыны әрдайым халқын ойлағанын жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мына нәрсеге назар аудардым. 1941 жылға дейін туған ата-әжелердің басым бөлігі құжатқа ойына келген күнді қойдыра салған. Індетіп сұрасаң, «қауын піскенде», «жүгері орақтан соң», «қой қырқым кезінде» туған болып шығады.1945 жылдан кейін құжаттарда біршама дәлдік бар. Дегенмен, ауылдық кеңеске қол тигенде ғана соғып, алты айлық баласына құжат алғандар да көп. Ал 1845 жылы қандай болғанын ойша шамалауға болады…

Әрине, Абай көптің бірі емес. Сондықтан нақты деректер, жазбалар болуы мүмкін.

Бір күндік науқан, ұраншылдықтың пайдасынан зияны көп. Өзін зиялы қауым өкілі санайтын біраз жұрт «Абайдан пұт жасамау керек, оның шығармаларына терең бойлап ғибрат алу керек» деді. Содан не өзгерді? «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» тиылды ма? Тиылмақ түгел өршіп бара жатқандай әсер қалдырады. Табиғи апат ошағына жиналған жылуды, індетке қарсы бөлінген миллиардтарды «жеп қойған» соң не сұрайсың…

1995 жылы Абайдың 150 жылдығы болды. Баспасөз құлаш-құлаш мақалалар арнады. «Казправдада» басылған «біртүрлі» мақала есте қалды. «Абай өз ұлтын жек көрген. Бүкіл шығармаларын қарап шығыңыз, бірде бір мақтау жоқ. Тек қана сын, негатив, кемсіту. Соған қарағанда қазақ ұлты да мақтауға аса лайық емес ау…» сыңайында. Бір-екі аптадан соң жауап мақала да жарияланды. «Грибоедов «Ненавижу любя…» дейді. Дос жылатып айтады. Сол сияқты Абай да өз ұлтына қатты жаны ашыған. Өзгелермен салыстырған. Кемшілігін түзетсін деген. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…»

Ал, содан бері не өзгерді? «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» бестігін қолға алдық па? Әй, қайдам. Біреулер «Ішім толы у мен дерт. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп жатып алды. «Заманақыр жастары» байлық жолында кетті. Бәріне қол сілтегендер қызыл алма ұстап қызық қуалап кетті.

«Шығыста «Мың рет халуа деп айқайласаң да қарның тоймайды» деген сөз бар еді. Хакім Абай жүрегіне терең бойламаған соң, ырду-дырдудан не пайда. Жаңа оқу жылы келіп қалды. Оқу жүйесі дайын ба, интернет сапасы неге нашар, мұғалімдер мен оқушылардың бес қаруы сай ма? Білмеймін», — деп сұрақ қойды Айшуақ Дәрменұлы.