Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қарағанды облысының «Азаматтық Альянс» Қоғамдық Құрылымының Президенті Дмитрий Полтаренко Қазақстандағы конституциялық реформалар мен саяси тұрақтылыққа қатысты өз ойларын білдірді. Ол реформалардың елдің дамуы мен болашақ ұрпаққа тұрақты негіз қалыптастырудағы рөлін атап өтті және жаңа Конституция мәтінімен танысып, референдумға қатысудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Қазақстан күшейіп келе жатқан халықаралық турбуленттілік жағдайында кешенді конституциялық реформа жүргізіп отыр. Институционалдық жаңғырту елдің стратегиялық тұрақтылығын қалай арттырады?
Ең алдымен, жүргізіліп жатқан реформалар дәл осы халықаралық турбуленттілік пен шиеленіс жағдайында аса қажет деп есептеймін. Қазіргі заманның сын-қатерлері өз талаптарын қояды. Біреулер мұны дұрыс емес десе, енді біреулер дұрыс дейді. Жеке өз пікірімше, біз қазіргі кезең алып келген мәселелерге, мүмкіндіктерге және сын-тегеуріндерге дер кезінде әрі дұрыс жауап беруіміз қажет. Жаңа Конституцияда қазақстандық заңнаманың халықаралық келісімдерден басымдығы айқындалғаны қоғам тарапынан үлкен құрметпен қабылданып отыр. Бұл халықаралық келісімдер нашар дегенді білдірмейді. Бұл – қазақстандықтардың өмірі ең алдымен Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелуі тиіс дегенді білдіреді. Яғни, біз мемлекет ретінде өзіміз қабылдайтын белгілі бір ережелер бар екенін және сол ережелермен өмір сүргіміз келетінін түсінеміз. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция ең алдымен еліміздің болашақ ұрпақтары үшін орнықты әрі тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады деп санаймын.
– Ұсынылып отырған өзгерістер өкілеттіктерді қайта бөлуді және басқару тетіктерін формализациялауды көздейді. Мұны посткеңестік кеңістікке тән дараланған саяси модельдер тәуекелдерін азайту деп қарастыруға бола ма?
Жалпы, юриспруденцияда билік құрылымдары өкілеттіктер арқылы теңгерілуі тиіс деген түсінік бар. Сондықтан ең алдымен біз өкілеттіктерді қайта бөлу – бұл ішкі саяси үдерістерді жүйелеу екенін түсінуіміз қажет. Иә, қазіргі кезеңде өкілеттіктерді қайта бөлу саяси модельдердің монополиялану тәуекелдерін төмендетеді деп есептеймін. Сонымен қатар, жеке пікірімше, біз уақытында Қазақстан Республикасында қабылданған саяси модель талаптарына көбірек сәйкес келетін жаңа жүйені қалыптастырып жатырмыз. Бұл модельді біз екі палаталы парламент арқылы белгілі бір деңгейде күрделендірдік және одан әрі дамыттық. Менің ойымша, бұл дұрыс қадам. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде вице-президент институты болғанын және оның қажетті болғанын атап өткім келеді. Мемлекет басшысынан бөлек, белгілі бір жағдайларда, мысалы, сырқаттанған кезде немесе өзге де мән-жайларда, өкілеттіктерді өзіне алатын тұлға болуы тиіс деп санаймын. Біз бәріміз адамбыз ғой. Сонымен қатар мұндай тұлға мемлекет атынан өкілдік функцияны да орындай алады.
– Қазақстан басқарудың құқықтық базасын күшейтіп, билікті институционалдандыруда. Бұл модель саяси тұрақтылық пен ұзақ мерзімді даму талаптарына қаншалықты сәйкес келеді?
Бұл сұрақ бойынша нақты айтарым: институционалдандыруға қатысты кез келген мәселе, яғни реттеуге бағытталған, құқықтық базаға енгізіліп, барлығын құқықтық алаңға түсіретін тетіктер – дамудың және тұрақтылықтың негізі. Қазіргі әлемдік кеңістікте болып жатқан өте күшті әрі жағымсыз турбуленттілікті ескерсек, біз ең алдымен өз мемлекетіміздің шеңберінде барынша тұрақтылыққа ұмтылуымыз қажет.
– Президент Тоқаевтың тұсындағы реформалық бағыт ішкі және сыртқы сын-қатерлерді теңгеруге қабілетті, неғұрлым орнықты әрі институционалдық тұрғыдан кемел мемлекет моделін қалыптастыруға бағытталған деп айтуға бола ма?
Иә, менің ойымша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған реформалар «заң және тәртіп» қағидаты үстемдік ететін, анағұрлым орнықты мемлекет моделін қалыптастыруға бағытталған. Ең бастысы – мәселе біз қандай заңдар қабылдап жатқанымызда ғана емес. Президенттің өзі де атап өткендей, біз 30 жыл өмір сүрген Конституция жаман болған жоқ, бірақ ол өз миссиясын орындады. Мен бұған келісемін. Алайда мәселе кейде құқық қолдану тәжірибесінің жұмыс істемеуінде. Бұл – белгілі бір деңгейде біздің өз кінәміз де, яғни құқықтық сауаттылықтың маңызын толық түсіне бермейтін қазақстандықтардың жауапкершілігі. Сондықтан барлық осы мәселелер бойынша айтарым: мен өзімді сарапшы санамаймын, бірақ еліміздің болашағына жанашыр азамат ретінде ойымды білдіремін. Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы Конституция жөнінде пікір білдіру үшін, еліміздің болашақта қалай өмір сүретінін түсіну үшін жаңа редакциядағы Конституция мәтінімен міндетті түрде танысып, референдумға қатысуы тиіс деп есептеймін.