Оны қарапайым азаматтар да сезді. Өйткені БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасын қолданатын кез келген Қазақстан азаматы жеке кабинетіне кіріп, шоттағы ақшасы қалай «жүріп» жатқанын ұдайы бақылап отыра алады. Шоттарынан қыруар ақша жоғалып «минусқа» кеткен халық шулай бастады, бұл шу алаңдаушылықтан туындағаны сөзсіз, сондай-ақ бірқатар қор салымшылары БЖЗҚ басшылығын жұмыстан қууды талап ете бастады. Олар ақшамыз ұрланып жатыр деп әлеуметтік желіге шоттарындағы жоғалған соманы дәлелдейтін скрин-фотоларын сала бастады. Халықтың сұрағына жауап беру үшін Caravan.kz медиа порталы зейнетақы қорының жағдайын зерттеп көрді.
Соңғы айларда инвестициялық кіріс мәз емес екенін жұрт бірден сезді. Оны сосын БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері іліп әкетті. Сосын «Зейнетақы салымшылары 285 млрд теңге жоғалтты», «Қазақстандықтардың ақшасы жатқан зейнетақы қоры шығынға ұшырады», «Зейнетақы қоры қораға кірді» деген тақырыптар пайда болды. Ақпараттың мән-жайын анықтау үшін Ұлттық банктен ресми ақпарат сұрадық.
Иә, айлығымыздан ұсталатын 10% ақша Зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жатады. Ол және жай жатпайды, оның бәрі актив түрінде Ұлттық банктің басқаруымен инвестицияланады. Егер инвест-жобаларға тартылмаса, шотта құр жата берсе, салымшы, яғни сіз бен біз зейнет жасына жеткенше ақшамыз инфляциямен күйіп кетер еді. Бұл — инвестициялаудың бірінші жолы.
Екінші жолы — ақшамызды жеке инвест-компанияларға беру (барлығы 5 компания). Жинағымыздың тең жартысын өз таңдауымызға сай жеке компанияларға аудару мүмкіндігі 2023 жылы туды. Бұның бәрі Қордағы ақшамызды еселеу үшін, зейнетке шыққанда мейілінше көлемдірек зейнетақы алу үшін жасалған еді.
Халықтың жағдайына оралайық. Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк зейнетақы шоттарындағы қаражаттың төмендегенін растап отыр. Биылғы қаңтарда инвестициялық кіріс (-)285 млрд теңгені көрсеткен. Жалпы табыс деңгейінің түсуі — (-)1,25%.
Ұлттық банк инвест-табыстың төмен шығуы уақытша құбылыс дейді. Сонда кірістің аз болуына не себеп болды? Активті басқарушы орган үш факторды алға тартып отыр:
Біріншіден, бұл кезеңде Қаржы министрлігі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаздарды көп шығарған. Сұраныстан ұсыныс көп болуына байланысты мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түскен.
Екіншіден, теңгенің күшеюі де себеп. Қаңтарға дейін долларға позициясын беріп келген теңге күрт күшейіп, 1 АҚШ долларына шаққанда ұлттық валюта 525,11 теңгеден — 518,14 теңгеге дейін нығайып алды. Осы өзгерістің салдарынан валюталық актвитер теріс бағаммен қайта бағаланды.
Үшіншіден, сыртқы нарықтың құбылуы. Бұл құбылыс та нарықта валюталық портфельдің актив құнын түсіріп жіберді.
Қаңтардағы есеп осылайша теріс инвестициялық кіріс ретінде бағаланып қалады. Бірақ, ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдай тұрақтанған сайын қалпына келеді деп сендіреді Ұлттық банк.
Басқарушы органның позициясына сенсек, қысқа мерзімдегі құбылыспен басқару тиімділігіне баға беруге ерте. Өйткені зейнетақы жинақтары — ұзақмерзімді инвестицилық жобаларға лайық дүние. Яғни, инвестициялық кірістің көлеміне (оның өсу не түсуіне) объективті талдау жасау үшін 1 айды емес, кемінде 1 жылдық кезеңді қарастыру керек.
Ұлттық банк ақпан айында да осы жағдай қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені бұл айда да теңге нығайып, мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түсу тенденциясын сақтап отыр. Бұл да өз кезегінде зейнетақы активтерінің табыс әкелуіне қысым көрсетіп бағады дейді Басқарушы орган.
Инвестициялық кіріс сомасы не себепті өзгеріп отырады?
Ұлттық Банк баспасөз қызметі біздің тілшімізге егжей-тегжейлі құжат ұсынды. Аталмыш құжатта инвестициялық кіріс сомасының құбылу себептері жазылған. Сондай-ақ Ұлттық банк өкілі халықтың алаңдауға еш негіз жоқ екенін ескертті.
«Қордағы қаржы — халықтың меншігі. Оған, тіпті, мемлекеттің де қол сұғуға құқығы жоқ. Қазақстан — зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағының сақталуына кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел», — деп жауап берді біздің сұрағымызға баспасөз өкілі.
Сонымен инвестициялық кіріс неге өзгеріп отырады. Толық тарқатайық.
Зейнетақы жинақтарына жарналар сомасы ғана емес, жинақталған инвестициялық кіріс те қосылады. Зейнетақы активтерін басқарушылар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ)) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың сан-алуан секторларына, түрлі валюталарда әртүрлі қаржы құралдарына орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты кірістілігін қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар мен басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер және т. б. кірістерден құралады.
Инвестициялық кірістің мөлшері белгілі бір кезеңдерде өзгеруі мүмкін (ұлғаюы немесе азаюы) болғандықтан, зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының сомасы да инвестициялық қызметтің нәтижелеріне байланысты апта сайын өзгеруі мүмкін.
Инвестициялық кіріс мөлшеріне бірнеше факторлардың әсер етуі мүмкін:
· Қаржы нарығындағы жағдай: акциялардың, облигациялардың және басқа құралдардың бағасы құбылуы мүмкін, бұл инвестициялық кірістің мөлшеріне әсер етеді. Жекелеген құралдарды нарықтық қайта бағалау нәтижесінде біз бағалы қағаздар құнының бір жыл ішінде өзгеруін байқай аламыз. Тиісінше, нарықтық қайта бағалаудан түскен кіріс жеке кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Бағалы қағаздардың құнына көптеген сыртқы факторлар әсер етеді, мысалы, геосаяси тәуекелдердің өсуі, халықаралық саудадағы өзгерістер және қаржы ағындарының қайта бөлінуі, капитал нарықтарындағы жағдай мен белсенділіктің өзгеруі, макроэкономикалық көрсеткіштер.
· Валюта бағамдары: егер инвестициялар шетел валютасымен байланысты болса, онда валюта бағамындағы өзгерістер инвестициялық кіріс мөлшеріне әсер етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланған. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің 40,21% шетел валютасында инвестицияланған, оның басым бөлігі — АҚШ долларында. Инвестициялық кірістің ауытқуы нарықтардағы, соның ішінде валюта нарығындағы құбылмалылықтың жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, 2024 жылғы қараша айының соңы мен 2025 жылғы қаңтар айы аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы айтарлықтай кең ауқымда, яғни 499 теңгеден 530 теңгеге дейін өзгерді. Осының салдарынан апта сайын зейнетақы активтерін оң немесе теріс валюталық қайта бағалау қалыптасады, осыған байланысты салымшылар өздерінің жеке зейнетақы шоттарында инвестициялық табыстың өзгеруін байқайды.
Атап өтетін маңызды жәйт, зейнетақы жинақтары — ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіш бола аламайды, өйткені олар нарықтық жағдайдың тұрақты өзгеруіне тәуелді. ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық кіріс құрылымын талдаудан 2024 жылдың қорытындысы бойынша бағалы қағаздарға сыйақы түріндегі, оның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» операциялары бойынша кірістер 1 570,92 млрд теңге, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан — 200,58 млрд теңге, шетел валютасын қайта бағалаудан — 578,42 млрд теңге, сыртқы басқарудағы активтер бойынша — 1 039,72 млрд теңге болды. Басқа кірістер 5,88 млрд теңгеге жетті. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша құралдардың барлық түрлері кірістілікті қамтамасыз етті.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған инвестициялық кіріс — шамамен 3,4 трлн теңге. Бұл шамамен 2,8 трлн теңге болатын зейнетақы жарналарының жалпы көлемінен жоғары. Жыл қорытындысы бойынша инвестициялық кіріс былтырғы көрсеткіштен 114,5% асып түсті (2023 жылы ол 1,6 трлн теңге болған). БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушылар: ҚРҰБ және ИПБ өткен жылғы көрсеткіштен де, 2024 жылғы инфляция деңгейінен де (8,6%) едәуір асатын кірістілік көрсетті. Оның өзі активтердің тиімді басқарылуы мен экономикалық жағдайларға бейімделу қабілетін байқатса керек. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен құрылған ҚРҰБ басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылы 17,84% тең болды. Жыл қорытындысы бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі — 17,96%.
Жылдан жылға зейнетақы жинақтарының және ондағы инвестициялық кіріс үлесінің өсуі байқалады. Мәселен, 01.01.2025 жылғы жағдай бойынша жүзеге асырылған төлемдерді ескере отырып, зейнетақы жинақтарындағы жинақталған инвестициялық кірістің үлесі 42,0% жетті.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 979,95% көрсетті, бүкіл кезең ішіндегі инфляция 827,78% тең.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін 24/7 режимінде көруге мүмкіндігі бар.
Сенімгерлікпен басқарушылар зейнетақы активтерін қандай қаржы құралдарына инвестициялағаны, оның ішінде осы құралдардың нарықтық құны туралы толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» — «Инвестициялық қызмет» бөлімінде ай сайын жаңартылып отырады.