«Жарық пен үміт»:  Еліміздің энергетика саласындағы дағдарыс пен даму жолы - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+14 °C
Алматы
2025 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Жарық пен үміт»:  Еліміздің энергетика саласындағы дағдарыс пен даму жолы

«Жарық пен үміт»:  Еліміздің энергетика саласындағы дағдарыс пен даму жолы

Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға 13 трлн теңге қажет. Бүгінгі таңда электр желісінің тозуы 70%-тен асып кеткен. 

  • 14 Сәуiр
  • 28
Фото: Caravan.kz

Еліміздің энергетика және коммуналдық саласындағы инфрақұрылымның тозуы соңғы жылдары бірнеше өңірде жылу қазандықтарының апатқа ұшырауына себеп болды. Бұл жағдай тұрғындардың қыстың суық күндерінде жылусыз қалуына алып келді. Не өзгерді? Caravan.kz медиа порталының материалында. 

Алдымен елде болған апаттар жайында жаза кетейік.

Екібастұз (Павлодар облысы)

2022 жылдың қарашасында Екібастұз қаласында жылу электр станциясында апат болып, 130 көпқабатты үй жылусыз қалды. Апаттың себебі ретінде тозығы жеткен желілер мен құрылғылардың жағдайы аталды. “Павлодарэнерго” компаниясының бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, жылыту құрылғыларының беткі қабатының жануы және айналмалы механизмдердің істен шығуы сияқты мәселелер жиі кездеседі. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарына жеткілікті қаржы бөлінбейді. 

Петропавл (Солтүстік Қазақстан облысы)

2021 жылдың желтоқсанында Петропавлдағы жылу-электр орталығында бірнеше қазандық істен шығып, жылу беру қуаты азайды. Қазандықтардың ескіргені және қысымға шыдамай, тесілгені апаттың басты себептері ретінде көрсетілді. Апаттан кәсіпорынның бір жұмысшысы күйік алып, ауыр халде ауруханаға түсті. 

Талдықорған (Жетісу облысы)

2023 жылдың қаңтарында Талдықорғанда жылу қазандықтарының бірі жарылып, 200-ден астам үй және әлеуметтік нысан жылусыз қалды.

Кентау (Түркістан облысы)

2023 жылдың желтоқсанында Кентау қаласында жылу электр орталығындағы төрт қазандық істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды.

Семей (Шығыс Қазақстан облысы)

Семейдегі “Ғаббасов” қазандығында бірнеше рет апат болып, 66 көпқабатты тұрғын үй мен 138 жеке үй, сондай-ақ бірнеше мектеп пен аурухана жылусыз қалды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы жылу электр орталықтарының 66 пайызы тозып кеткен, ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 80-90 пайызға жетеді. Жылу желілері орташа есеппен 53 пайыз тозған. 

Аталмыш апаттардан кейін елде ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Үкімет алдына 2030 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 40%-ке дейін төмендету міндеті қойылды. Жүргізілген жұмыстардың арқасында кейінгі екі жылда тозу көрсеткіш 61%-тен 52%-ке төмендеді. Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға 13 трлн теңге қажет 

Елдегі коммуналдық желілердің жартысы ескірген. Нақты айтсақ, жылу желісі – 53%-ке, сумен жабдықтау 40%-ке және су бұру желісі 56%-ке тозып тұр. Ал электр желісінің тозуы 70%-тен aсып кеткен.

«Жабдықтардың айтарлықтай тозуы, ескірген технологиялар үзілістерге, азаматтардың өмір сүру сапасының төмендеуіне және елеулі экологиялық және экономикалық шығындарға алып келеді. Проблемаларды шешу үшін ұлттық жоба шеңберінде шамамен 13 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде техникалық оператор ретінде Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы бекітілді» — Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы. 

Ұлттық жобада отандық өнеркәсіпті қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан бөлек 27 жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарланған.

«Бірінші кезеңде сумен жабдықтау және су бұру секторы бойынша жұмыстар басталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үлгілік техникалық тапсырма әзірлеп, әкімдіктерге тиісті тапсырмалар берді. Жалпы өндірістік процестерді автоматтандыру су арналарын, сондай-ақ сумен жабдықтау мен су бұру жүйесін салуға және жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттің болашақ шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Яғни су шығыны 15-40%-ке, желілердегі апат – 30-50%-ке, электр энергиясы шығыны 15-20%-ке төмендейді», — Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы.   

Жылу жүйесін жаңғыртуға 327 млрд теңге тартылды.

Қазір елде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама шеңберінде жылу-энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі екі жыл көлемінде бірнеше есе өсті. Мәселен, 2022 жылы саланы қаржыландыру көлемі 90 млрд теңге болса, 2023 жылы 227 млрд теңгеге жетті. Ал былтыр салаға 327 млрд теңге тартылды. Соның арқасында жылу жабдықтарының тозу деңгейі 61%-тен 52%-ке төмендеді. 

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, жабдықтарды жөндеу жұмыстарының құны жаңасынан да асып кетуі мүмкін. «Сондықтан кейбір тұста жаңадан да орнатқан дұрыс», – дейді олар.  

«Ескі неге ақша қайта-қайта салғаннан кейін ол ескінің бағалары, жабдықтардың бағалары қазір мына жаңа жабдықтың бағасына қарағанда 10 есе, 20 есе көбейеді. Өйткені жаңа жабдықты алғанда ол үш, төрт, бес жылға дейін ең кемі. Былай қарап тұрғанда олардың эксплуатациялық мерзімі тіпті 20, 30, 50 жылға барады», — дейді «Serpin» басқарушы, сервистік компаниялар және басқарудың басқа нысандары қауымдастығының президенті Жамал  Доржығұлова. 

Сондай-ақ жаңғырту жұмыстарына қаржы тарту мақсатында коммуналдық қызметтер тарифін көтеру көзделген. Бірақ тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдік жасалады. Бұл мақсатта жергілікті әкімдіктер тарапынан шығындардың бір бөлігі өтеледі.

Мәселенің түп-төркіні 

Энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның тозуы жөнінде сарапшылар бірнеше маңызды себептерді атап көрсетеді. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының президенті Талғат Темірханов бұл мәселенің төрт негізгі себебін атаған еді: 

                  1. Энергетика саласын реттеудің бытыраңқылығы: Энергетика министрлігі жалпы энергетика саясатын, Ұлттық экономика министрлігі тарифтік саясатты, ал Экология министрлігі экологиялық мәселелерді реттейді. Бұл әртүрлі органдардың үйлесімсіз әрекеттері саланың тиімді дамуына кедергі келтіреді.

                  2. Инвестиция тартудың қиындығы: Көмір генерациясына инвестиция салуға инвесторлар құлықсыз, өйткені болашақта көмірді пайдалануды азайту міндеті тұр. Бұл энергетика саласына қажетті қаржыны тартуға кедергі жасайды.

                  3. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі: Банктерден несие алу үшін көптеген құжаттар мен кепілдіктер қажет, бұл энергетикалық жобаларға қаржы тартуды қиындатады.

                  4. Жабдықтардың тозуы: Қазақстандағы жылу электр орталықтарының жабдықтарының орташа тозу деңгейі 66% құрайды, ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 80%-дан асады. 

Бұл мәселелерді шешу үшін сарапшылар энергетика саласын орталықтандырылған басқару, инвестициялық климатты жақсарту және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтеді.