Қазақстанда жоғары инфляция халықтың нақты табысын азайтып, өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы сарапшылар әрдайым айтып келеді. Президент те халыққа Жолдауында осы мәселеге тоқталып, шешу жолдарын жылдам ойластыруды тапсырды. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Ұлттық банк дерегінше, соңғы екі жылда нақты жалақы өсімі бар болғаны 2,7% құраған. Маусым айында инфляция деңгейі 11,8%-ға жетіп, 2023 жылдың қыркүйегінен бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелді.
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұл мәселені ашық көтерді.
«Бағаның шарықтауы қазақстандықтардың табысын жеп, ел экономикасын тежеп отыр. Жылдам шешім жоқ. Бұл көптеген мемлекеттер кездесіп отырған күрделі мәселе. Дегенмен, біз бұл макроэкономикалық тұйық шеңберден шығуға тиіспіз. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық банк бір команда болып, қажет болса, халық арасында танымал емес, бірақ тиімді шешімдер қабылдауға дайын болуы қажет», – деді.
Азық-түлік бағасының қымбаттауы инфляцияның негізгі қозғаушы күші болып отыр. Статистика бюросының мәліметінше, маусымда азық-түлік тауарларының бағасы 10,6% өсіп, жылдық инфляцияға қосқан үлесі 4,2 пайыздық пунктті құрады.
Мемлекет басшысы әсіресе азық-түлік бағасының қымбаттауы жағдайды ушықтырып отырғанын да атап өтті. Ол Үкіметке азық-түлік импортына тәуелділікті азайту, ауыл шаруашылығын дамыту және ішкі нарықты тұрақты өніммен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Қазір арқан тартысатын уақыт емес. Үкімет пен Ұлттық банк бір команда болып жұмыс істеуі тиіс. Тек сонда ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз».
Қабылданған шаралар
Инфляцияны төмендету мақсатында Үкімет пен Ұлттық банк бірнеше нақты шараларды қолға алған.
2026 жылға арналған инфляцияның шекті деңгейі 10%-ға дейін көтерілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 5–6% аралығында жоспарланған еді. Бұл қадам қазіргі ахуалды шынайы бағалау үшін жасалды.
Бағаны ұстап тұру үшін Үкімет 66 кешенді шараны іске асыруда. Оның ішінде, азық-түлік өндірісін ұлғайту, делдалдардың рөлін шектеу, логистика мен сауда жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жанар-жағармай нарығында мемлекеттік реттеулерді енгізу бар.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тым күрт көтермей, несиелеу шарттарын біртіндеп қатаңдату арқылы инфляциялық қысымды бәсеңдетуді көздеп отыр.
Мемлекет әлеуметтік шығыстардың тиімділігін арттыруда. Цифрлық платформа арқылы әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж жандарға жетуі қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы үнемделген қаражат басым салаларды қолдауға бағытталып жатыр.
Тоқаевтың нақты тапсырмалары
Президент әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық өндірушілер Еуразиялық одақтағы әріптестеріне қарағанда аз қолдау көреді, бұл ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті әлсіретуде.
«Импортқа тәуелділікті азайту — стратегиялық міндет. Әрине, толық өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес әрі қажет те емес. Бірақ бүгінгі жағдай — ұятты жағдай. Үкімет нақты жоспар жасап, логистикадан бастап маркетингке дейін барлық тетікті іске қосуы тиіс», — деді Мемлекет басшысы.
Президент ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық өндірушілер ЕАЭО елдеріндегі бәсекелестеріне қарағанда аз қолдау алып отыр. Соның салдарынан отандық өнім ішкі нарықта да кейде өз орнын бере қояды.
Тоқаев Үкіметке азық-түлік импортына тәуелділікті азайту жөнінде нақты тапсырма берді. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудың жол картасы жасалуы тиіс. Логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар, маркетингтік стратегиялар толық ескерілуі қажет.
2024 жылы аграрлық салаға рекордтық 1 трлн теңге бөлінді. Дегенмен, Президенттің айтуынша, мұның өзі жеткіліксіз. Әсіресе, ұзақ уақыт бойы шығынды болып келген мал шаруашылығын қолдауға басымдық беріледі. Жаңа қаржыландыру тетіктері енгізіліп, ішкі нарық етпен қамтамасыз етіліп қана қоймай, экспорттық әлеует те күшейтіледі.
Бюджет саясаты және әлеуметтік қолдау
Үкімет 2028 жылға дейінгі бюджет жобасын Парламентке ұсынды. Құжатта ел экономикасы жылына орта есеппен 5,3% өсетіні, ал бюджет тапшылығы 2028 жылға қарай ЖІӨ-нің 0,9%-ына дейін төмендейтіні көрсетілген.
Әлеуметтік шығыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Экономиканы қолдауға бюджет шығындарының 16%-ы бағытталмақ. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Әлеуметтік төлемдер жүйесін цифрландыру мен оңтайландырудың арқасында мемлекет қазірдің өзінде 290 млрд теңге үнемдеді. 2026 жылға дейін кемінде тағы 165 млрд теңге үнемдеу жоспарланып отыр.
Жаңа «цифрлық отбасы картасы» жобасы енгізілуде. Ол көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтап, қолдауды тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет машина жасау, металлургия және қайта өңдеу салаларында жаңа жобаларды іске қосуды бастады. Басты мақсат – 2029 жылға дейін экономиканы екі еселеу.
Бұл үшін шикізаттық емес секторға 150 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы зауыттарды жаңғыртуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ химия және құрылыс индустриясында жаңа өндіріс орындары іске қосылады.
Қазақстандағы инфляция деңгейі қазіргі таңда 11,8% болып, халықтың әл-ауқатына және экономикалық дамуға айтарлықтай ықпал етуде. Президент Тоқаевтың айтуынша, бұл тек Қазақстанға ғана емес, көптеген елдерге тән мәселе. Дегенмен, елде оны шешуге бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе әрекет етіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту және әлеуметтік саясатты жетілдіру шараларын қолға алды.