Желіде Шерзат Болаттың өліміне қатысты есімі шыққан Хасан Қасымбаев кеше уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
kozachkow телеграм каналының жазуынша, Қасымбаевты кейбір дереккөздер «Хуторские» қылмыстық тобының жетекшісі ретінде атаса, өзі бұл айыптарды жоққа шығаруда. Ішкі істер министрлігі де мұндай қылмыстық топтың бар екендігін растаған жоқ.
«Бас прокуратураның мәліметінше, Қасымбаевтың 2021 жылы болған қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін. Сол жылы Алматы облысындағы бір ауылда 1984 жылы туған тұрғынды ұрып-соққан соң, оны әлдекімдер тонап кеткен. Аталған қылмысқа байланысты үш ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін шартты түрде жаза алған еді», — делінген жазбада.
Қадағалау органы осы істің барлық мән-жайын қайта қарастырып, Қасымбаевтың аталған қылмысты тапсырыс беруі мүмкін деген қорытындыға келді. Қазіргі уақытта оған қатысты жаңа іс қозғалды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 125-бабының 2-бөлігі (Адамды алдын ала сөз байласу арқылы топпен ұрлау) бойынша тергелуде.