Адвокаттың айтуынша, Ибрагимовтың отбасының мүшелеріне қысым көрсетілуде. Н.Үстеміровтың пікірінше, жуырда ғана Ибрагимовтың әкесі мен туған ағасының жол апатынан зардап шегуі осының нақты дәлелі болмақ.
Сот төрешісі Лукмат Мерекенов адвокаттан өтінішті жазбаша түрде ұсынуды сұрады.
Өз кезегінде Рустам Ибрагимов өзінің Сәрсенбаев пен оның көмекшілерінің өліміне қатысы жоқ екенін тағы бір мәлімдеді. «Мен ештеңеден қорықпайтынымды ресми түрде мәлімдеймін. Мен қанішер емеспін. Өтембаев маған ешкімді өлтіруге немесе соққыға жығуға тапсырыс берген жоқ. Мирошниковтың да қатысы жоқ. Қатысы барлардан сұраймын деп Алланың атымен ант етемін»,- деп мәлімдеді ол.
Ал судья Ибрагимовтан жарыссөздер барысында мәлімдеме жасауға кеңес берді.
Осыдан кейін сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Сот Ерғали Қасымов, Еділ Әбікенов, Нұркен Едігеев сынды айыпкерлердің сөзін тыңдады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, А.Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісі — оққағар Бауыржан Байбосын мен жүргізуші Василий Журавлевтың мәйіттері 2006-жылдың 13-ақпанында Алматы маңында табылған.
Бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен он адам, соның ішінде сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев, ҚР ҰҚК «Арыстан» арнаулы бөлімінің қызметкерлері ұсталды.