Атап айтқанда, дүбірлі додаға қатысатын 1990 жылы дүниеге келген Абзал Арыстанбековтың бойы — 170 см, салмағы: 62 келі. Ол — қазақ күресінен Қазақстан чемпионы (2013 ж.), Әлем чемпионы (2013 ж.) Азия чемпионы (2014 ж.). Ал 1993 жылы туған палуан Қайрат Ағыбаев (бойы — 168 см, салмағы — 72 келі) дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионы (2012 ж.), Еуропа кубогының қола жүлдегері (2012 ж.) және дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013 ж.). Бойы 179 см, салмағы — 81 келі Дәулетхан Жақыпов 1992 жылы дүниеге келген. Ол — 2013 жылы қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы «Қазақстан Барысында» төртінші орын алған әрі дәл осы жылы дзюдодан Қазақстан чемпионы атанған. Жарыста бағын сынайтын Мұхит Тұрсынов (бойы — 185 см, салмағы — 95 келі) 1988 жылы дүниеге келген, қазақ күресінен Әлем кубогының жеңімпазы (2011 ж.), қазақ күресінен Әлем чемпионы (2013 ж.), 2014 жылы Қазақстан Барысы (2014 ж.). 1987 жылы дүниеге келген Айбек Нұғымаровтың бойы — 189 см, салмағы — 138 келі. Ол қазақ күресінен екі дүркін Азия чемпионы (2011, 2014 жж.), екі дүркін Әлем чемпионы (2011, 2013 жж.), Қазақстан Барысы (2013 ж.) және «Әлем Барысы» халықаралық турнирінің вице-чемпионы (2014 ж.).
Естеріңізге сала кетейік, 22 қарашада Таразда Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналған қазақ күресінен ІІ «Eurasia Barysy» халықаралық турнирі өтеді. Оған Қазақстан палуандарынан бөлек, Қытай, Әзербайжан, Қырғызстан, Грузия, Польша, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Украина және Өзбекстан елдерінің құрамалары қатысады. Жарыс бес салмақ дәрежесі бойынша командалық сайыс түрінде өткізіледі. Турнирдің жалпы жүлде қоры жүз мың АҚШ долларын қамтып отыр.
Жобаны «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, ҚР Қазақ күресі федерациясы, Жамбыл облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Ал осы айтулы спорттық додаға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бас демеушілік етпек.