Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stopfake.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Ресей шекарашылары арасында туындаған қақтығыс салдары деп сипатталған видео тарап жатыр.
Видеода әскери киімдегі адамдар және әскери техника көрсетілген. Ал кадр сыртындағы дауыстың айтуынша, қақтығыс Қостанай облысында орын алған. Қазір онда әскери техника тартылып жатыр-мыс.
ҚР ІІМ мәліметінше, мұның бәрі – жалған.
«ҚР Ішкі істер министрлігі Қостанай облысындағы шекарада арандату болғаны туралы әлеуметтік желілерде таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын және жалған екендігін хабарлайды.
Видеода биылғы 8 қыркүйекте Қостанай қаласы аумағында өткен жоспарлы далалық жаттығуға бара жатқан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан автокөлігінің колоннасы көрсетілген. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.