Жарияланды: 730

Іле-Алатау ұлттық бағын толығымен қалпына келтіруге 100 жыл қажет

Алматы облысындағы Іле-Алатау ұлттық бағында 17-ші мамырдағы дауыл қиратып кеткен бөлігін толығымен қалпына келтіруге 100 жыл қажет, деп ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев бейсенбі күні баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Бүгін біз көріп отырған құлаған ағаштар, шамамен, 70-100 жылдық ағаштар (тяньшан шыршаларының жасы – ҚазТАГ)... Қылқан жапырақты ағаштар өте баяу өседі. Олардың 20-22 метр биіктікке көтеріліп, қалпына келуіне орташа есеппен, шамамен, 50 жыл қажет. Ал ересек орманға - 100 жыл қажет», - деді ол. Ол орманды алқапты қалпына келтіру тақырыбы төңірегіндегі әңгіме барысында үкіметтен арнайы техникаға да қаражат сұрап отырғанын жеткізді. Себебі қазір орман шаруашылығындағы техникалар сапасы жағынан да, саны жағынан да ешқандай сын көтермейді, деді ол. Сонымен қатар ол орманды тазалауға тікұшақтарды тарту идеясынан мүлдем бас тартқанын жеткізді. Себебі авиаторлар сағатына 500 теңгеден сұрапты. «Мұны бюджет көтере алмайды», - деді Е. Нысанбаев. АШМ басшысы А. Мамытбеков, Іле-Алатау ұлттық бағын қалпына келтіруге облыстағы орман шаруашылықтарынан 320 адам тартылып, олар белсенді жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін