Қазақстандық ауыр атлетика бапкері Ержас Болтаев Өзбекстан спортшысының Токио Олимпиадасында алтын алуына көмектесті, деп хабарлайды Caravan.kz порталы ЭК.— ға сілтеме жасап.
Токио төрінде ауыр атлетикадан ерлер арасында 109 келіге дейінгі салмақта алтынды Өзбекстан құрамасының спортшысы Акбар Джураев жеңіп алды. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 430 келіні бағындырды.
Сол өзбек спортшысы зілтемірді көтергенде қазақ бапкері Ержас Болтаевтың жүргенін байқадық. Оның Өзбекстан құрамасына көмектесіп жүргені туралы ақпарат 2019 жылдың ақпан айында хабарланған еді. Сол кезде Болтаев Өзбекстан ауыр атлеттерінің оқу-жаттығу жиынына аттанған. Қазір ол сол жақта кеңесші болып қызмет атқарып жүр екен.
Ержас Болтаев Қазақстанда төрт дүркін әлем чемпоны Илья Ильиннің жеке бапкері ретінде жақсы таныс. Ол тағы бір ауыр атлетика маманы Тойшан Бектеміровпен бірге Ильинді Лондон Олимпиадасына дайындаған. Өкінішке қарай, кейіннен допингке байланысты алтын жүлдесінен айрылып қалды.