инарев газды кешенді дайындау қондырғысының өңір үшін маңызы зор - kaz.caravan.kz
  • $ 474.62
  • 517.19
+31 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
инарев газды кешенді дайындау қондырғысының өңір үшін маңызы зор

инарев газды кешенді дайындау қондырғысының өңір үшін маңызы зор

Чинаревтегі газды кешенді дайындау қондырғысы - еліміздің индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылып отырған Батыс Қазақстан өңіріндегі ірі де маңызды жобалардың бірі.

  • 17 Маусым 2011
  • 774
Фото - Caravan.kz

Зеленов ауданының аумағында орналасқан бұл кеніш тәуелсіздік таңы атқан жылы ашылған еді. Сол жылы бес мың шақырымнан асатын жерді бұрғылау кезінде тәулігіне 96 текше метр газ алынған. Артынан газ конденсаты табылды. Мұнай қорының да бары анықталды. Алайда ол жылдары жас тәуелсіз Қазақстанда Чинарев секілді шағын кеніштерді барлау мен игеру жұмыстарына қаржы көзі жетпегені рас. Соған байланысты бұл жерде бір сәт тыныштық орнады. Көп кешікпей ел Үкіметі кенішке инвестор тарту мақсатында бірнеше мәрте тендер өткізді. Бірақ кеніштің болашағына күмәнмен қараған шетелдіктер оған қаржы салуға қорықты. Тек 1997 жылы американдық «ФИОК» компаниясы тәуекел жасап, қазақстандық «Жайықмұнай» ЖШС-мен бірге Чинаревті барлау мен игеруді қолға алды. Түрлі қиындыққа тап болып, салған қаржысының игілігін бірден көре алмаған мұхиттың арғы жағынан келген инвестор көп кешікпей тайып тұрды. Одан кейін де талай компания келіп кетті. Бәрінен бельгиялықтар сабырлы болып шықты. Осыдан алты жыл бұрын Батыс Қазақстан облысына Белгия корольдігінен келген «Пробел» компаниясы кеткен шығындарының көптігіне қарамай, әлі күнге дейін қомақты қаржы бөліп келеді. Өздерінің иелігіндегі «Жайықмұнай» серіктестігінің банктерден ірі көлемде несиелер алуына жағдай жасады. Осындай үлкен қаражаттың арқасында кеніш жүйелі түрде игерілуде. Мысалы, соңғы жылдары тереңдігі 4600-5300 метрге дейін баратын елуден аса ұңғыма бұрғыланған. Осының әрқайсысының құны 10-12 млн. доллар көлемінде екен. Жалпы, кенішке 1 млрд. 180 млн. доллар қаржы жұмсалыпты.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жердің мұнайының сапасы тіпті Қарашығанақ пен Теңіз кеніш­терінде өндіріліп жатқан қара алтыннан да жоғары көрінеді. Мұндағы мұнай құрамында күкіртсутегі атымен жоқ. Меркаптан секілді зиянды нәрселер өте сирек кездеседі. «Бренд» деген маркаға ие болған чинаревтық мұнай әлемдік қор биржаларында жоғары бағаланады. Бүгінгі таңда Лондон қор биржасында «брендтік» мұнайлардың 1 баррелі 113 АҚШ долларына тең. Алайда бұл жердегі табиғи байлықтың мөлшері онша көп емес. Зерттеулер көрсетіп отырғанындай, Чинаревта 35 млн. тоннадай мұнай бар. Соған орай ел үкіметі кеніш жүйелі түрде игеріле бастаған тұста бұл жердің өнімін ішкі нарыққа бағыттауды көздеген еді. Дегенмен, олай болған жоқ. Чинаревтың қара алтыны шетел асып жатыр. Оның басты себебі — өңірде мұнай өңдеу зауытының жоқтығы, деп санайды Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Жанна Бекқалиева. Таяу аралықта Қарашығанақ кенішінің жанынан дәл осындай зауыт салу жоспарлануда. Сонда шикі мұнай өзімізде өңделіп, ішкі рынокта өнім бағасы арзандамақ.

Құны 28 млрд. теңге болатын газды кешенді дайындау қондырғысының маңызы зор. Кеніш қойнауында мұнаймен қатар түрлі қоспалар баршылық. Мысалы, тұзды қоспа коллекторды бітеп тастаса, көп қиындық келтіреді. Ілеспе газ алау болып жағылып жүр. Оны да пайдаға асыру керек. Сондықтан аталмыш қондырғы экологиялық жағынан қауіпсіз, экономикалық жағынан тиімді өнім өндіру бағытында қолға алынған.

Аталмыш жобаның бастапқы кезеңінде, яғни биылдан бастап кеніште жылына 1,5 млрд. текше метр табиғи тауарлы газ, 700 мың тоннадан астам газ конденсаты, 140 мың тоннадан астам сұйытылған газ өндірілуі керек еді. «Жайықмұнай» ЖШС бас директоры Вячеслав Дружининнің айтуынша, бүгінгі таңда өндіріс орнының өз қуатына сай жұмыс істемей тұруының негізгі себебі — осы зауытты салуға тартылған мердігер және жобалаушы компаниялар жұмыстарының үйлеспеуінен туындап отыр. Қажетті құрал-жабдықтарды дайындауға американдық «Экстерран» компаниясы тартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу ісіне қазақстандық компанияның қатысуын қалап, «Қаз­ҚұрылысСервис» мұнайгазқұрылыс ком­­­паниясы» АҚ-ға тапсырыс берілді. Зауыт құрылысымен екі түрлі мекеме айналысқан соң, сәйкес келмеушілік пайда болды. Әсіресе, автоматика, электроника құрылғыларында үйлеспеушілік көп. Осы олқылықтарды жою үшін «Жайықмұнай» және аталмыш компаниялардың мамандары уақытпен санаспай жұмыстануда. Сондай-ақ «Линкенстон» секілді бұл бағытта үлкен тәжірибесі бар компаниялар да сырттан тартылды. Күзге дейін кемшіліктер түзетіліп, зауыт толық қуатта жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Қазір зауыт өз өндірістік қуатының 30 пайыз мөлшерінде жұмыс істеп тұр.

Қондырғының «жүрегі» іспеттес үш бірдей газтурбиналы станса бар. Оларға «жан бітіру» үшін Орынбор-Ново­псков күретамыр газ құбырына дейін 15 шақырым бұтақ-құбыр тартылған. Міне, осы құбырдан алынған газ негізінде турбогенераторлар іске қосылады. Одан кейін барып газконденсатты ұңғымалардан қондырғыға тартылған шикізатты тазалау, айыру, құрғату, яғни бүкіл жұмыс басталады. Сөйтіп, дайын өнім аталмыш құбырмен кері айдалуда. Оралдықтар, міне, осынау арзан газдың пайдасын көріп отыр. Облыс әкімдігі мен «Жайықмұнай» ЖШС арасында қол қойылған меморандумға сәйкес кәсіпорын жылдық өнімінің 10 пайызын, яғни 150 млн. текше метр газды төмен бағамен беріп отыр. Яғни көгілдір отынның әр мың текше метрін 29,75 доллардан босатуда.

Салыстыру үшін айта кетейік, ресейліктер газдың әр мың текше метрін украиндықтарға 220-240 доллардан беріп келеді. 240 доллар мен 29,75 доллардың арасында қанша айырма бар екенін әркім-ақ бағамдай алатыны сөзсіз. Бұл газ «Жайықжылуқуат» АҚ жанындағы газтурбиналық электр станциясына берілуде. Ертең ол Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округінде салынып, толық іске қосылғалы жатқан тағы бір ірі нысан — газтурбиналы электр стансасына да беріледі. Сөйтіп, Чинарев кенішіндегі газды кешенді дайындау қондырғысы өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге де үлкен үлес қоспақ.

Келер жылы жобаның екінші кезеңі жүзеге асады деп күтілуде. Соған орай зауыттың қуаттылығы екі есеге артпақшы. Есеп-қисап тілімен айтқанда, бұл жерден жылына 3 млрд. текше метр газ, 1,5 млн. тонна газ конденсаты, 280 мың тонна сұйытылған газ алынатын болады. Өндіріс әлеуетінің артуы осы жерде нәпақасын тауып жүрген 800-дей «жайықмұнайлықтың» әлеуметтік жағдайының оңалуына сеп болмақ. Егер бәрі ойдағыдай болса, компания басшылары келер жылы жұмысшыларға арнап өндіріс ошағынан алыстау жерге бүгінгі заман талабына сай жаңа вахталық ауыл салуды көздеп отыр. Қазір вахталық ауыл орналасатын жер телімі алынып, оған инженерлік коммуникациялар тартылуда.