Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы Қазақстан экономикасын модернизациялау мен әртараптандырудың басты құралы болып табылады - Школьник - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы Қазақстан экономикасын модернизациялау мен әртараптандырудың басты құралы болып табылады - Школьник

Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы Қазақстан экономикасын модернизациялау мен әртараптандырудың басты құралы болып табылады - Школьник

Астана. 19 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Бүгін парламент сенатында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің қатысуымен Экономика және өңірлік даму комитетінің бастамасы бойынша еліміздің 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды агенттік тілшісі сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 19 Қараша 2008
  • 2502
Фото - Caravan.kz

Экономика және бюджеттік жоспарлау, көлік және коммуникация, энергетика және минералды ресурстар министрліктерінің басшылары қатысқан кездесуді аша келіп Экономика және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұрлығайым Жолдасбекова еліміздің орнықты дамуына бағытталған ұлттық инновациялық бағдарламаның стратегиялық маңызын атап көрсетті.

Бұл стратегияны жүзеге асыру үш сатыдан тұратынын атап өткен ол осы (2006-2010 жылдарда) кезең экономиканың барлық салаларында белсенді түрде атқарылатын уақыт екенін айтты. Депутат 2003-2015 жылдардағы еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру туралы үкімет есебінің қорытындысы бойынша мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды еске салды.

Осыған байланысты Н.Жолдасбаева экономиканы диверсифиакциялауды белсенділендіру үдерістерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, шикізаттық бағдарды өзгерту, келешегі бар өңдеу өнеркәсіптерін қалыптастыру, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелеріне тоқталды.

Кездесуде сөз алған индустрия және сауда министрі Владимир Школьник депутаттарға Стратегияның орындалу барысы туралы баяндады.

Атап айтқанда, министр оның бірінші сатысында одан әрі технологиялық дамудың жүйелі мәселелері шешілгенін атап өтті. Заңнамалық және құқықтық нормативтік база, саланы дамытудың негізгі бағдарламасы жасалды, жаңа институционалды негіз қалыптасты, жаңа пилоттық жобалар жүзеге асырылып, қамтамасыз ету инфрақұрылымдарының құрылысы басталды.

Стратегияның 2006-2010 жылдардағы «қарқынды жүзеге асыру кезеңіндегі» міндеттерге тоқтала келіп В.Школьник осы мақсатта экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын, мемлекеттік органдар, холдинг және бизнестің инвестициялық жобаларды таңдау және ілгерілету жөнінде өзара іс-қимыл жүйесі қалыптасты, деді. Бұл бағыттағы құралдар мен тетіктер «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасында бекілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жобаларға маңыз беріліп, келешегі бұлыңғыр жобалар алынып тасталынды және 45 ұтқыр (28 өндірістік, 17 инфрақұрылымдық) жобадан тұратын, жалпы құны 54 миллиард АҚШ долларына жуық «Негізгі тізім» қалыптастырылды.

Ұтқыр жобаларды іске қосу және жүзеге асыру үшін елеулі мемлекеттік қолдау көрсетілді — ол мемлекеттік кепілдеме және тапсырма, даму институттарының несие желілері мен инвестициялық преференциялары.

Үстіміздегі жылы жалпы құны 1,4 миллиард доллардан астам 7 жоба пайдалануға беріледі, 2009 жылы жалпы сомасы 2,5 миллиард долларға жуық 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында мемлекет қабылдаған тұрақтандырушы шараларының уақытында жүзеге асқанын атап өткен министр оның экономиканың бірте-бірте өсуі мен отандық қаржы жүйесінің орнықтылығына серпін беретінін айтты.

Ол сондай-ақ депутаттарды инфрақұрылымдық одан әрі дамуды қамтамасыз ететін, Ұлттық инновациялық жүйе белгілерін қалыптастыратын, бизнес-ахуалды жақсартатын шаралар туралы хабардар етті.

Осы бағыттарды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жайында министр экономиканың инновациялық даму саласындағы нормативтік-құқықтық негізін жетілдіру қажеттігіне тоқталды.

Бұл «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңға, сондай-ақ Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация, жеке кәсіпкерлік, микрокредиттік ұйымдар мәселелері жөніндегі қолданыстағы құқықтық негізге өзгерістер енгізу болып отыр.

Осы Стратегияны жүзеге асыру мәселелерін талқылай келіп депутаттар шикізат, агроөнеркәсіп кешені салаларында жоғары технологияны дамытуға, аймақтық инфрақұрылымдарды көркейтуге, шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бюджет қаржысын тиімді пайдалану жолдары туралы ой бөлісті.

Сенаторлардың пікірінше, кластерлік өндірістерді, ұлттық брендіні, алдыңғы технологиялар трансферттерін қалыптастыру, тиісті мамандар қорын даярлау жөніндегі жұмыстарды қарқындандыру қажет.

Кездесуде сондай-ақ көлік және коммуникация министрінің орынбасары Ж.Қасымбек, экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары М.Құсайынов, энергетика және минералды ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы А.Баталов сөз сөйледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар