Мұндай маңызды міндетті Мемлекет басшысы биылғы жылы өз жолдауында атап өткен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдында экономикадағы орта бизнестің көлемін 15%-ға дейін арттыру мақсатын қойды. Үкімет мұндай көрсеткішке 2029 жылға дейін жету керек. Еліміздегі кәсіпкерлік саласын жаңа деңгейге шығару үшін, қай бағытта жұмыс істеу қажет? Аталған сауалды Caravan.kz. тілшісі «Max Consulting» ЖШС бас директоры Мақсат Жатабаевқа қойған едік.
— Мақсат Мұратұлы, Президент өз Жолдауында кәсіпкерліктің әр субъектісі өз бағытын айқындап, мемлекет тарапынан қандай қолдау барын білуі қажет екенін және оны қалай алуға болатынын білуі тиіс деп атап өтті. Осы мәселеге қатысты сіздің де пікіріңізді білсек? Президент қазіргі таңда қолға алынып отырған, кәсіпкерлікті қолдаудың барлық шараларын тексеру және барлығына түсінікті тізім жасау қажет екендігін атап өтті. Бұл өзекті мәселе және ол мемлекеттік қолдауды барынша қарапайым етіп, оның тиімділігін арттыратын еді. Оған қоса, бұл жүйе бизнестің мемлекеттік қолдауға қатысу мүмкіндігін де ұлғайтатын еді. Жасыратыны жоқ, көптеген кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілетін шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін білмей жатады. Қарапайым тілмен айтқанда, бірыңғай интернет-ресурс құрылып, онда мемлекеттік қолдаудың барлық қағидалары мен талаптары көрсетілуі тиіс. Қазіргі таңда бұл процестердің барлығы шашыраңқы. Одан бөлек, ақпараттық жұмысты да күшейту керек деп ойлаймын. Оның ішінде «бір терезе» қағидатына баса мән берген жөн.
— Қазақстанда бизнесті қолдау жағы қалай деп ойлайсыз? Жалпы осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі әрі тиімді болуы үшін, қандай мәселелерді шешкен жөн деп ойлайсыз?
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары өте көп. Бизнесмен әрі банк өнімдері маманы ретінде, олардың бірқатарына тоқталып өтсем. Бізде мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, ең түйткілді мәселе, осы аталған тетіктердің тұрақты түрде жүзеге асырылуы деп айтар едім, оның ішінде субсидия бөлу мәселесі де бар. Мәселен, банктер және «Даму» қорымен жұмысты атап өткен жөн. Жылдың басында «Даму» қорында республикалық бюджет бекітілмегендіктен, тиісті қаражат болмауы мүмкін. Ал, жылдың ортасында Қорда мөлшерлемені қайта қаржыландыру есебінен ресурс таусылып қалуы мүмкін. Осылайша, жылдың ортасында субсидия беру ісі тіпті тоқтап қалуы ықтимал және мұндайда кәсіпкерлерге бұл процесс не себепті тоқтатылғандығы түсіндіріле бермейді. Сол себепті, бұл мәселеде тұрақтылық маңызды. Міне осыдан барып, қарызды алушы нарықтық (стандартты) пайыздық мөлшерлеме бойынша ай сайынғы төлемді жасап бастайды, ал субсидияны («Даму» қорынан банк арқылы беріледі) банк келесі күні береді. Бұл жерде несиені алушы ай сайынғы төлемді соңғы (жеңілдетілген) пайыздық мөлшерлемемен төлем жасауы маңызды болып отыр. Президент «Банк және банк қызметі туралы» жаңа Заңды қабылдауға тапсырма берді. Сол себепті, бұл ұсынысты заңды тұрғыда қараған жөн шығар. Бұл мәселе қарыз алушы-заңды тұлғаларға несиелік жүктемені, сондай-ақ, жоспарлау және дамыту процестерін біршама жеңілдететін еді.
— Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту үшін, қаржылық технологиялар құралдарын пайдалануға болатынын атап өтті. Осы орайда, инновацияларды енгізу осы салаға қандай жаңа мүмкіндіктерді береді деп ойлайсыз? Қазіргі таңда бұл бағыттың даму қарқыны қалай?
Әрине, инновацияларды енгізу шағын және орта бизнесті дамытуға оң әсерін тигізетін болады. Қазірдің өзінде, біз қаржылық технологиялардың өнімдерін күнделікті пайдаланып жүрміз – олар біздің банк қосымшалары, «әмияны» мен сараптамасы бар түрлі маркет-плейстер және т.б. Елімізде қаржылық технологиялар өте жоғары деңгейде дамыған. Президент мұнымен тоқтауға болмайтынын және саланы одан ары дамыту керектігін, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалана отырып, дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жаңашылдықтардың түр-түрін енгізе отырып, орын алуы мүмкін барлық тәуекелдермен де жұмыс жасай білу керек екенін ұмытпаған жөн. Себебі, соңғы жылдары түрлі алаяқтық деректер жиілеп кетті. Сонымен бірге, мен өте қарапайым әрі өте қолайлы қаржылық өнімдерді енгізу және олардың жұмысын жақсарту ісін де ұмытпағанымыз жөн болады деп айтар едім. Мәселен, Ұлттық банктің жетекшілігімен 2022 жылдың маусым айында «Жедел төлем жүйесі» (ЖТЖ) өнімі іске қосылған еді, ол дереу, тегін және минималды комиссиямен банк карталары арасында ақша аударымдарын жасауға мүмкіндік береді. Бірақ, өкініштісі, бұл жүйеге барлық банктер енгізілмеген. Ұлттық банк, енді өзге де банктерге осы жүйеге кіруге «көндіреді» деген ойдамын. Сосын бірыңғай QR енгізу де өте қолайлы болады деп ойлаймын. Өкінішке орай, бұл жүйе бізде әлі енгізілмеді.
— Қазіргі таңда Қазақстан экономикасында орта бизнестің көлемі 7%-ды құрайды. Президентбұл көрсеткішті 2029 жылы 15%-ға дейін ұлғайтуды тапсырды. Осы міндетті орындау үшін, сіздің ойыңызша нені қолға алуымыз тиіс?
Бұл, әрине, үлкен міндет. Әсіресе, Үкіметтің экономикалық блогы үшін бұл тапсырма маңызды болмақ. Бұл тұста, шағын бизнесті мәжбүрлі түрде орта бизнеске өткізу «кампаниясы» болмағаны өте маңызды болады. Бұл үшін түрлі тетіктер мен құралдар бар, солардың бірі мысалы орта бизнеске деген талапты азайту болып табылады. Кәсіпкерлерді салықтық жеңілдіктермен ынталандырудан бөлек, бизнес өсуге қорықпауы үшін, тиісті жағдайларды жасай білу ісі де маңызды болмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік кіріс органдарының бизнес үшін көрсетілетін қызметін де уақтылы дамытып отыруымыз тиіс.
— Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ел экономикасына қаржы құю – капиталды амнистиялаудың басты талабы екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?
Бұл жерде мұндай тәжірибе дамудың түрлі деңгейіндегі көптеген елде қолданылғанын атап өткен жөн. Менің ойымша, капиталды амнистиялаудың тетіктері мен құралдары ашық және барлық қоғамға түсінікті болуы тиіс деп ойлаймын. Одан бөлек, халықтың экономиканың қай секторы дамып жатқанын, қай бағыттарға қаржы жұмсалғанын білген жөн деп санаймын. Әсіресе, мен «қайырымдылық жасаушылардың алтын тізімі» мен олардың міндеттеріне баса назар аударғым келеді. Меніңше, олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, музей мен өзге де әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысына атсалысуы тиіс. Өзім, 2018 жылдан бастап үстел теннисі мен футболдан Biseitov Cup республикалық турнирін өткізіп келемін. Осы ретте, спорт түрлерін одан ары кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жобаның мақсаты – бұқаралық балалап спортын танымал ету. Бұл жобаны біз Бас серіктес — «Курсив» іскерлік порталы мен қоғам белсенділері: Александра Данилова, Айбек Күмісбеков және Асхата Садырбайдың қолдауымен дамытып келеміз. Мен, мүдделі демеушілер Шу қаласында спорттық орталықты салу ісіне мән береді деп сенемін. Бұл өңірдегі бұқаралық және балалар спортын дамытуға тың серпін беретін еді. Өз тарапымнан, мен барлық қажетті қолдауды көрсететін едім.