Қазнетте балалар үшін қауіпті сусындар мен өнімдер туралы ақпарат тарап жатыр. Хабарламада қыздың сусыннан кейін жансақтау бөліміне түскені, ал ұл баланың инфекциялық ауруханада көз жұмғаны айтылған.
Бұл туралы caravan.kz медиа порталы sputnik.kz сілтеме жасап хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда Қазақстанда тізімде көрсетілген өнімдерден уланып, көз жұмған балалар тіркелген жоқ", — деп мәлімдеді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Айтуынша, бұл хабарлама бұған дейін де, 2019 жылы тараған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Тұтынушылардың құқығын қорғау" туралы заңның 5 және 7-баптарына сәйкес, талаптарға сай келмейтін (соның ішнде қауіпті) өнім туралы ақпарат ведомствоның ресми сайтында "Сәйкес келмейтін өнімдер тізілімінде" жарияланатынын еске салды.
Ержан Байтанаев қазақстандықтардан тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады.
Олардың арасында:
- санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми интернет-ресурсы мен Facebook-тегі аккаунты;
- "Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК" Telegram-каналы бар.
Байтанаев жалған ақпарат үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жаза көзделгенін атап өтті. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.