Президент ҚР Ұлттық банкіне Үкіметпен бірлесіп ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған еді.
ҚР Үкіметі және Ұлттық банк Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу мақсатында Ұлттық банктің қаражатынан 130 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық Банк «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ты 130 млрд. теңге сомасына үстеме капиталдандырады, ол, өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктерде жылдық 2,99%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 20 жыл мерзімге депозиттерді орналастырады. Бұл қаражатты банктер жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға жібереді, деп хабарланды Ұлттық банктың ресми сайтында.
«Бағдарламаның мақсаттары:
— қарыз алушылардың барынша көп бөлігі үшін ипотекалық қарыздарды өтеу талаптарын жеңілдету;
— проблемалық кредиттер деңгейін төмендету;
— экономиканың долларлану деңгейін төмендету», делінген хабарламада.
Бағдарламаның негізгі өлшемдеріне сәйкес қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз баспанасы кепілге салынған, 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық тұрғын үй, ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады.
Ол үшін қойылатын басты талаптар мыналар: жылдық 3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша валюталық қарыздарды теңгеге конвертациялау, қарыз мерзімін 20 жылға дейін ұлғайту.
Осы бағдарлама ең алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға; шетел валютасымен ипотекалық тұрғын үй, ипотекалық қарыз алғандарға; ұлттық валютамен ипотекалық тұрғын үй, ипотекалық қарыз алған және мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталады.
Сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй, ипотекалық қарыздар бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға жатады.
Қарыз алушының борыштық жүктемесін жеңілдету мақсатында негізгі борыштың қалдығы қайта қаржыландырылады, бұл ретте қарыз алушының қайта қаржыландырылған қарызы бойынша сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін банктер кешіреді.
Банктердің қарызды қайта қаржыландыру кезінде қандай да болмасын комиссияларды, алымдарды немесе өзге төлемдерді алуға құқығы жоқ.
Бағдарлама шеңберінде болжаммен алғанда 20000-нан астам қарыз, оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатына жататын 5000-нан астам борышкердің қарызы қайта қаржыландырылатын болады.
Бағдарлама 2015 жылғы 10 сәуірде Ұлттық Банктің Директорлар кеңесінде мақұлданды.