Қазақстандық жауынгерлер Украиналық бітімгершілермен бірге тиеулі оқ-дәріні түсірумен айналысып жүрген сәтте жарылыс шығып, соның салдарынан капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты. Қазақстандық тағы да төрт бітімгерші жарақаттанды. ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, жараланған жауынгерлер тікұшақпен Багдадтың әскери госпиталына жіберілген.
Зардап шеккендер мен олардың отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті қолдау -көмек көрсетіледі деп сендірді қорғаныс мекемесіндегілер.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР парламентінің қаулысына сәйкес, 2003-жылдың 30-мамырында көп ұлтты тұрақтандырғыш күштердің құрамында бітімгершілік шараларға қатысу үшін Иракқа еліміздің инженерлік-саперлік отряды жіберілген болатын. Қазір онда майор Нұрлан Шаштыбаев басқарған үшінші отряд жұмыс істеп жатыр.
Иракта болған мерзімде еліміздің бітімгершілері 3 млн. жарылғыш затты залалсыздандырды.