Д.Ахметовтың пікірінше, республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына 800 млн. теңге бөлінген Шамалғандағы жаңа мектеп-гимназия нақты бір ауылдың ғана емес, жалпы мемлекет аясындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың сапалық өзгерісін паш етеді. Мектеп аумағы 9,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның техникалық жабдықталу деңгейі қала мектептерінен де артық.
Бұған қоса Шамалғанда жаңа ауылдық аурухана мен басқа да бірнеше нысан салынуда. Аурухананың екі қабатты ғимаратында 50 стационарлық, 150 амбулаториялық орынға есептелген 5 бөлімше орналаспақ. Жаңа аурухана қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Аурухананың сметалық құны 707 млн. теңге болса, оның 470 млн. теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп те үлгерді.
Ауыл тұрғындары Алматыға ат сабылтпай-ақ кәсіби дәрігерлік көмекке 2005-жылы дегенде жүгініп үлгеруі үшін құрылыс қарқыны мейлінше жоғары болуы тиіс деді Д.Ахметов.
«Ауылда құрылыс қарқыны қызып, кәсіпорындардың жұмыс істеп тұрғаны қандай ғанибет. Инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз ету — үкіметтің, ал елді мекеннің кескін-келбетін көркейтіп, ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру- жергілікті биліктің міндеті»,- деді Д.Ахметов.