белгілеген стратегиялық сыртқы саяси мақсаттар мен барлық бағыттардағы басымдықтары жайында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың мақаласы жарияланды. «Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, еліміз өз мүддесін ең алыстағы елдер мен аймақтарда ілгерілетуді жоспарлауда. Бұл мәселені тәуелсіздіктің таңсәрі шағында күн тәртібінде мүлде басқа мәселелер тұрған кезде шешу мүмкін емес еді. Дәл бүгін, Қазақстан тұрақты және серпінді дамушы ел ретінде қалыптасып, 2050 жылға дейін өз алдына үлкен мақсаттар қойған кезде, бұдан да ауқымды кең сыртқы саясат жүргізу үшін жаңа алғышарттар пайда болып отыр», — деп жазады министр «Қазақстандық дипломатияның 2020 жылға дейінгі пішімі» атты мақаласында.
«Егемен Қазақстан» басылымының «Исатай қайда жерленген?» деген тағы бір мақаласында Халық қозғалысының көшбасшысы туралы тың деректер сараланған. «Осы күні өлке тарихына көз салып жүрген зиялылардың өзі Исатай батырдың сүйегінің жатқан жерін анықтау талас- талқыға айналып бара жатқан жоқ па деп реніш білдіреді. Өте орынды. Өйткені, Ішкі Орда тарихын зерттеушілер, оның ішінде исатайтанушы мамандар осы тұрғыда ғылыми негізді сөзге бара алмай жүр», — делінеді бұл материалда.
Мақала авторы келтірілген деректердің негізінде Исатай батырдың, майдан даласында қаза тапқан басқа да сарбаздардың мүрделері Ақбұлақтан 13-15 шақырым жердегі (Қ.Жұмалиев жазып кеткендей) Шолақмолда жайлауындағы Шолақмолда қорымында жерленген деп ой түйеді.
***
«Айқын» басылымы өзінің жұма күнгі санында «Батыс Қазақстан неге былығып жатыр?» деген мақала жариялап, онда мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаражаттың 3 млрд. теңгесі прокуратураның араласуымен ел бюджетіне қайтарылғандығын жазады. «Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының өткен жылғы жұмыс нәтижелеріне қарағанда, шеткі облыстың шенеуніктері шетінен қызметтік лауазымын жемқорлықпен айналысуға ғана пайдаланама деген ой келеді», — деп қынжылады аталмыш тақырыпты тереңдете зерттеген мақала авторы.
«Қолда бар қаржыны ұқсата алмайтын әкімдерді қызметінен кетіру керек. Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов осындай пікір білдірді», — деп хабарлайды
«Айқын» газеті «Мәселені шешпесе, әкім не істеп отыр?» атты мақаласында.
«Әкімдерді бағалау критерилерінің бірі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты болатынын айтқым келеді. Бізде кейбір әкімдер бөлінген қаржыны игеруге қауқарсыз. Міндеттерін атқара алмаса аудандар мен қалалардың әкімдерін қызметінен босатыңыздар. Облыс әкімдеріне осындай тапсырма жүктеймін. Мәселе шешпесе, әкім не істеп отыр?!», деген Премьер-Министрдің кешегі Үкімет отырысындағы қатал ескертуімен түйіндейді автор мақаласын.
***
«Түркістан» апталық басылымы «Әлем дефляция қаупінен қорқады» атты мақаласында халықаралық деңгейдегі қаржы секторындағы мәселелерге ден қойған. «Жыл сайын мыңдаған адамды «Күлтөбенің» басына жинайтын Давостағы саммит әдеттегідей жағымды жаңалыққа сараң болды. Есесіне, әлемдік экономикада ілгерілеушілік бар. Еуропалық орталық банк тарапынан дағдарысқа қарсы күрес шарасы жалғаса бермек. Бірақ кейбір сарапшылар дефляция қаупін жоққа шығармайды. Бұл — әлемдік экономиканың тығырықтан шығуына кедергі», — деп тоқталады басылым.