Атап айтқанда, әкім «Экатон строй инвест», «Эксполис инвестментс» және «Премиум логистик» компанияларының басшыларына ескерту жасады деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Құрылыс компаниялары заң талаптарын орындамай, санитарлық күтіп-ұстау ережелерінің талаптарын сақтамай отыр. Дөңгелек жуу бекеттері жоқ, құрылыс алаңдарынан қоқыс шығарылмайды және салынып жатқан үйлердің сапасы күмән тудырады. Бізге құрылыс мәдениетінің жаңа сапалық деңгейіне көтерілу қажет», – деп ашынды әкім.
Қала басшысы орынбасары Сергей Хорошунға құрылыс компанияларына қатысты қажет шаралар қабылдап, тіпті құрылыс жүргізуге рұқсатты кері қайтарып алуға дейін баруды тапсырды.
Сондай-ақ, қала басшысы бақылауына көлік-әлеуметтік инфрақұрылым нысандары кіретін барлық қалалық басқармалар мен қызметтерге пандустар бойынша кемшіліктерді жоюға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға бірден кірісуді жүктеді. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Астана қаласы бойынша Департаментіне, прокуратураға Сәулет басқармасымен бірлесіп, пандустарға ревизия жүргізуді, оларды қайта жабдықтауды, және де бұл жұмысқа «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалын, қоғамдық кеңесті, қала мәслихатын, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауымдастығын тартуды тапсырды.
Сондай-ақ, әкім қала аудандарында аумақты жинау, тазарту және абаттандыру бойынша бірқатар кемшіліктер барын атап көрсетті. Нақты айтқанда, кейбір көшелерде бордюр алдындағы бөлігі сыпырылмайды, қатты тұрмысты қалдықтар уақытында шығарылмайды, тротуарлар тазартылмайды.
Сонымен бірге, әкім жауапты тұлғаларға қала тұрғындарының қозғалу жайлылығын арттыруды, дәлірек айтқанда, жерүсті және жерасты өткелдерін, тротуарлар мен веложолдар салуды тапсырды.
Кеңестің қорытындысы бойынша Исекешев Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан және аудан әкімдерінен Есу арнасын, Сарыбұлақ өзенінің арнасын тазартуды, қоқысты жинап алуды тапсырды. Аудандардың әкімдеріне бір апта ішінде қаланы жинау, абаттандыру бойынша қоқыс шығарушы кәсіпорындармен жұмысты жолға қоюды тапсырды. Таңғы сағат 6-дан 8-ге дейін әкімнің орынбасарлары, аудандардың әкімдері және қалалық қызметтердің басшылары нысандарды аралап, ағымдағы жағдай туралы баяндауға міндетті. Осы ретте әкім экология департаментіне, табиғат қорғау полициясына, прокуратураға және барлық жауапты қалалық қызметтерге белсенді түрде қатысуды жүктеді.
«Қалалық қызметтер бақылауды әлсіретіп алғанын мойындау керек, сол себепті аудандардың әкімдеріне қоқыс үйінділерін қысқа мерзімде жоюды тапсырамын. Мемлекеттік органдар, прокуратура, табиғат қорғау полициясы, экология департаменті қайда қарап отыр. Сіздерде өкілеттік бар. Кабинетте отыра бермей, галстукты шешіп, көшеге шығып, тәртіпке келтіру қажет», – талап етті әкім.