"Ислам діні келген кезде түркілердің бәрі бірдей имани-сенімде болған жоқ" - Шығыстанушы - kaz.caravan.kz
  • $ 523.2
  • 594.3
+9 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Ислам діні келген кезде түркілердің бәрі бірдей имани-сенімде болған жоқ" - Шығыстанушы

"Ислам діні келген кезде түркілердің бәрі бірдей имани-сенімде болған жоқ" - Шығыстанушы

Қазақтарға Ислам діні қалай келді? Оны халық қалай қабылдады? Ал Христиан дінін қабылдаған қазақтар болды ма?

  • 16 Қаңтар
  • 418
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де сұрақтарға шығыстанушы Төреәлі Қыдыр жауап берді, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ислам келген кезде қазақтар қалай өмір сүрді? Осыдан бастасақ…

— Дешті қыпшақтың исламдануының үш кезеңі бар. Бірінші кезең – VІІІ ғасырдан Х ғасырдың бірінші жартысына дейін, яғни 751 жылғы Талас шайқасынан бастап, Қараһан қағанатына дейін; екінші кезең –түркілердің жаппай Исламды қабылдаған Х ғасырдың екінші жартысынан ХІІІ ғасырдың басына дейін; үшінші кезең – соңғы кезең, яғни ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан ХІV ғасырға дейін жалғасты. ХІІІ-ХІV ғасырларда Дешті қыпшақта Жошы ұлысы бой көтергені белгілі. Міне осы кезеңде Шыңғыс хан әскерімен келген кейбір ру-тайпалар Исламды қабылдаған. Тарихтан Жошы ұлысын Алтын Орда ретінде білеміз. Алтын Орданың негізінде Қазақ хандығының құрылғанын еске алсақ, онда қазақтар жеке ұлт ретінде қалыптасқанда Ислам дінін ұстанатын еді. Сондықтан да, сұрағыңызды «Ислам келген кездегі қазақтар» деп емес, «түркілер» деп алсақ дұрыс болады.

Ислам діні келген кезде түркілердің бәрі бірдей имани-сенімде болған жоқ. Тәңірлік сеніммен бірге манихей, зороастр, будда және христиан-несториан діні де кейбір түркі тайпаларының арасына тараған болатын. Ислам келгенге дейін біздің тілімізге манихейлік «Хуастуанифт», буддалық «Алтын жарық», «Майтри смит ном бітік», христианның несториан ағымын насиахттайтын «Абыздардың құлшылығы» секілді діни мәтіндер тәржімаланған болатын. Көне дәуірдің күмбірінен хабар беретін бұл жәдігерлер кезінде шығыстанушылар мен түркітанушылар тарапынан біраз зерделенген. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан жарық көрген «Ежелгі дәуір әдебиеті» антологиясының бірінші томында түркілік бұл ескерткіштерді тәржімалап бердік.   Көне Тараз маңынан зороастр дінінің, Сайрам, Исфижап төңірегінде христиан дінінің мәдени ошақтары кездесетіндігі белгілі. Оны жазба деректер де айғақтайды. Исламға дейін тараған діндер мен наным-сенімдерді түркі халықтары жаппай ұстанбаса да, белгілі бір тобы сол діннің жетегінде кеткені анық. Сондықтан да Исламға дейін түркі халықтарының бәрі бір имани-сенімде болып, бір дінді ұстанды деген пікірмен келісе қою қиын. Қайта Ислам діні келіп, буддалық, манихейлік, христиан-манихейлік сенімдегі түркілердің бәрін бір имани-сенімнің аясына топтастырғанын көреміз. Яғни, Исламды түркілерді, әсіресе Түркістан өлкесіндегі түркі халықтарын ыдыратушы емес, қайта рухани бір сенімнің астына біріктіруші дін ретінде де қарастырған орынды болмақ.

Дәстүрлі Ислам дегенді көп естіп жатамыз. Қазақтарда дәстүрлі Ислам қандай болды?

— Дәстүрлі Ислам ұғымы кейінгі кездері кеңінен қолданыла бастады. Исламның дәстүрлісі, дәстүрсізі болмайды дейтіндер де баршылық. Әрине, Ислам – біреу. Десек те, мұсылман халықтары бір дінді ұстанғанымен де, олардың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, әдет-ғұрпы тағы бар. Дәстүрлі Ислам – дін мен дәстүрдің сабақтастығы. Бұл атаудың жиі қолданылуына себеп, кейбір ағымдардың дін мен дәстүрдің арасына сына қағуынан деп қараған дұрыс. Мың жылдан аса Исламды ұстанып келген ата-бабаларымыз дәстүрін де ұмытпаған. Бүгінде Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы да осы жағына жіті назар аударып, «Дін мен дәстүр» атты үш кітаптан тұратын еңбекті жариялады. Дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттайтын бөлім де ашылды.

Сондай-ақ, бір әдет қайталана берсе дәстүрге ұласатыны белгілі. Көркемдік дәстүр жалғастығы деген де түсінік бар. Сондықтан да бабаларымыздың ұстанған рухани жолын Дәстүрлі Ислам деп атап жүрміз. Бұлай атау бізде ғана емес. Дәстүр мен діннің арасына сына қағушы жат ағымдардан шаршаған кейбір мұсылман елдері де осы ұғымды қолдана бастады. Яғни, бұл ұғымның ғылыми айналымға еніп, қоғамда кең тарауына, жаңа айтып өткеніміздей, жат ағымдардың дәстүрге тиісуінен басталып отыр. Қазақтың дәстүрлі Исламы – дін мен дәстүр сабақтастығы, деп қысқа қайырсақ та болады.

Исламды ұлтқа бөлу қаншалықты дұрыс? Мысалы, қазақтарда Ислам сәл басқаша деп көп естіп жатамыз, яғни дәстүрлі Ислам деп...

Ислам – ыдыратушы емес, қайта біріктіруші дін. Десек те жағрафиялық орналасуына, ұстанған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қарай мұсылман халықтардың өзіндік ерекшелігі бар. Солтүстік Африкадағылар мен Орталық Азиядағылардың бәрі бірдей мұсылман болғанымен де, ұстанған мәзһабы мен діни көзқарасына, яғни ақидасына қарай өзіндік айырмашылықтары бар. Қазақтың мұсылмандығы Әбу Ханифа мәзһабы мен Имам Матуриди жолын ұстанғандығында, әрі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына берік екендігінде. Себебі Әбу Ханифа мәзһабы жергілікті халықтың ғасырлар қойнауынан жеткен әдет-ғұрпын, салт-жоралғысын жоққа шығармайды. Сондықтан да бізде дін мен дәстүр екеуі сабақтасып, астарласып кеткен. Қазақ халқының даналығы да, даралығы да осында.

— Кейбір түркітанушы мамандар христиан дінін ұстанған қазақтар болды деп жатады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Мамандар айтса, белгілі бір дерек пен дәйекке сүйеніп айтатын болар. Кейбір ру-тайпалардың исламданудың үшінші кезеңінде Исламды қабылдағанын айтып өттік-қой. ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан әскерімен келген кейбір тайпалардың христианның нестоиран ағымын ұстанғаны тарихтан белгілі. Бірақ, қайталап айтамыз, бұл – Қазақ хандығына дейінгі ахуал. Себебі Жошы ұлысында қазақ тайпаларының бәрі дерлік исламданды. Қазақ хандығы тұтастай  мұсылманданған ру-тайпалардан тұрды. Әрине, ХХ ғасырдың басына дейін Патшалық ресей тарапы қазақтарға шоқындыру саясатын жүргізгені белгілі. Інжіл кітабы да қазақшаға сол кезде аударылған. Пайғамбарлар тарихына қатысты жазба жәдігерлердегі Иса пайғамбардың ерекше дәріптелетін тұсы да осы кез. Шоқындыруды көздеген арнайы миссионерлер де жұмыс жасаған. Сол кезде жекелеген  адамдар түрлі себептерге байланысты шоқынған болуы да ықтимал. Болса да, жалпы халықтық сипат алған жоқ. Мұны әлі де зерттеу керек. Бірақ қазақ халқы ғасырлар бойына ұстанып келген Ислам дінінен ажыраған жоқ. Қайта өз сенімдеріне берік болып, мұсылманшылықтан тайған жоқ.