Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Йемен Республикасының Сана қаласында Ислам Конференциясы ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші сессиясы өтті. Форумға ұйымға мүше 57 елдің өкілдері қатысты. Қазақстандық өкілдерді ҚР СІМ-нің орынбасары Рәпіл Жошыбаев басқарды.
Ислам Конференциясы ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің бұл жолғы кеңесі жалпы ислам әлемі мен ұйымды жаңалауға талпыныстар аясында өтті. Мұсылман мемлекеттердің сыртқы істер министрлері ұйым мен оның субсидиарлық мекемелерін құрылымдық тұрғыда жаңалаудың маңызын, жаҺандану қатерлеріне қарсы тұру мен халықаралық сахнадағы өзгерістерден қалыс қалмау үшін Ислам Конференциясы ұйымының жарғысына өзгерістер енгізудің маңызын атап өтті.
Жиынға қатысушылар лаңкестіктің барлық түрлеріне лағнет айтып, лаңкестік әрекеттердің нысанасына айналған елдерге қолдау білдірді. Осынау ғаламдық қатерге қарсы күреске бағытталған бірлескен шаралардың маңызы атап өтілді.
Тараптар экономика саласында болашақта исламдық мемлекеттердің біртұтас рыногын қалыптастыру үшін ұйымға мүше елдер арасындағы сауда саласындағы байланыстардың аясын кеңейтуге және оны нығайтуға уағадаласты.
Жиынға қатысушылар Ресей Федерациясына Ислам Конференциясы ұйымының жанындағы бақылаушы мәртебесін беруге шешім қабылдады.
Кеңесте сөз сөйлеген қазақстандық өкілдердің жетекшісі Р.Жошыбаев Қазақстанда ислам дүниесімен арадағы ықпалдастық аясын кеңейтуге және дамытуға айрықша маңыз берілетінін атап өтті. Бұл — экономикалық және саяси дамудың маңызды факторы болып саналады. ҚР СІМ-нің орынбасары Қазақстан жағының мұсылман елдермен арадағы ықпалдастықты пәрмендендіруге пейілді екенін мәлімдеді.
Қазақстандық өкілдер мұсылман дүниесі елдерінің тиімді әрі беделді форумы ретінде ұйымды қайта жаңғырту қажеттігін қолдап, Ислам Конференциясы ұйымының бас хатшылығының жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған ұйым шеңберіндегі реформаларға қолдау білдірді.
Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысушылар Өрткениеттер диалогы жөніндегі бүкіләлемдік декларация туралы резолюцияны бір дауыстан қабылдады. Онда әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайын өткізу туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдау туралы ережелер енгізілген. Сондай-ақ, ұйымға мүше елдер тарапынан Семей өңірі мен Арал теңізі бассейніндегі экологиялық проблемаларды шешуге Қазақстанға қолұшын беру туралы резолюция қабылданды.
Форум аясында қазақстандық өкілдер Ислам Конференциясы ұйымының бас хатшысы, профессор Экмеледдин Ихсаноглумен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ислам Конференциясы ұйымы арасындағы ықпалдастық перспективаларын талқылады. ҚР СІМ-нің орынбасары Ислам Конференциясы ұйымы бас хатшысының жұмыс тиімділігін арттыруға және реформаларға бағышталған талпыныстарына қолдау білдірді. Кездесуде ұйымның бас хатшылығына Қазақстан өкілдерін жіберу мүмкіндіктері төңірегінде мәмілеге қол жеткізілді.