“Біз болашақта өзара ынтымақтастықты дамыту үшін жеті пилотты кластерге талдау жасамақпыз”,- деді бүгін “Италия-Қазақстан” қауымдастығының атқарушы директоры Марко Граната Қазақстан үкіметінің кластерлік бағдарламасының тұсаукесерінде.
Оның айтуынша, Қазақстан үкіметінің кластерлік бағдарламасының тұсаукесеріне Италиядағы ірі компаниялардың өкілдері келді. “Олар Қазақстан экономикасының басты салаларымен танысып, аймақтардан келген жүздеген қазақстандық кәсіпкерлермен кездеседі”. “Италия-Қазақстан” қауымдастығының атқарушы директорының айтуынша, “осындай байланыс барысында жүзеге асыру перспективасы бар бірлескен жобаларды айқындау көзделіп отыр”.
Ал еліміздің индустрия және сауда министрінің орынбасары Асқар Баталовтың айтуынша, қазіргі жағдаймен Италия Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің біріне саналады. Республиканың жалпы тауар айналымында Италия 11 процент көлемінде үлес иемденеді. “1993-жылдан бері Қазақстан 70 млрд. доллар шамасында тікелей инвестиция тартып, бұл салада Италияның үлесі 3 процентке жетті”,- деді ол.