Эйр Астана ойына келгенін істеп жатыр: Халықтың қалтасын қағу қашан тыйылады? - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Эйр Астана ойына келгенін істеп жатыр: Халықтың қалтасын қағу қашан тыйылады?

Эйр Астана ойына келгенін істеп жатыр: Халықтың қалтасын қағу қашан тыйылады?

«Эйр Астана» әуе компаниясы халықтың ашуына тиді.

  • 9 Шiлде
  • 105
Фото: caravan.kz

«Эйр Астана» әуе компаниясы халықтың ақшасынан пайда көріп отыр. Қымбатқа билет сатып алған жолаушылар түрлі себептерпен басқа бортқа ауыстырылған. Ал билет құнын қайта есептеп, оларға қайтармаған. Компанияның бұл әрекеті қаншалықты заңды екенін білу үшін халық біздің тілшілерден көмек сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

8 шілде күні техникалық ақауларға байланысты Атыраудан Алматыға бағытталған «Эйр Астананың» рейсі діттеген уақытында ұшпаған. Жолаушыларға билетті толық қайтарып алыңыз деген хабарлама келген. Немесе басқа уақытта ұшатын бизнес-классқа үстінен тағы қосымша төлем жасап ауыстыру сынды ұсыныстар жасалған. Ал эконом класстағы орындарды басқа уақытқа ауыстырудан тіпті бас тартқан.

Жолаушылар компанияның әкелген қолайсыздығы үшін неге зардап шегуі керек? Неге халық қымбат билеттің үстінен тағы да төлем жасауы керек?

Жолаушының айтуынша, бизнес класс үшін тағы үстінен 67 мың теңге төлеу керек болған. Ол бірбеткейлік танытып, төлем жасаудан бас тартқан.

«Бірінші рет осы жағдай болғанда шу шығарған жоқпын, түсінік таныттым. Енді міне кеше тағы осы оқиға қайталанды. Бұл заңды ма? Осы сұрақ мені мазалап отыр. Ақшамызды қайтармады, басқа уақытқа эконом класс болғандықтан ауыстырмады. Флай Арыстанмен ұшуға тура келді. Себебі Алматыда жұмыстарым бар», — деді Атыраудан ұшқан жолаушы Мейірбек Қуанышев.

Кейін «Эйр Астана» әуе компаниясы жолаушыларды «Флай Арыстан» бортына ауыстырған. Барлығына белгілі, бұл әуе компанияның ұшақ билеті әлдеқайда арзан, сондықтан да қызмет көрсету шарттары да әр түрлі деңгейде. Жоспарларын құрып, шаруаларына асыққан жолаушылар «Флай Арыстан» бортына ауысуға мәжбүр болды. Кесте бойынша таңғы 11-де ұшатын рейс ақыры түскі бірде ұшқан.

Алайда қайта есептеу жасалмаған. Ақша қайтарылмаған. Жолаушылар қызметкерлердің бұл әрекетіне ашулы. Тіпті кешірім сұрап, мәселені шешуге де тырыспаған деп отыр. Олардың пікірінше, «Эйр Астана» осылайша халықтың ақшасынан пайда көріп отыр. Себебі бұл жағдай Атырауда бірінші рет емес.

Ұқсас жағдай Астанада орын алған. Халықтың жаппай наразылығы әлеуметтік желіде тарады. Видеода бір топ халық әуежайға жиналып, ұша алмай тұрған сәтін байқауға болады. Оларды да түсініксіз себептермен «Флай Арыстан» бортына ауыстырып жатыр. Наразы халық енді бұл әуе компаниясының қызметіне жүгінбеуге шақырып жатыр.

«Эйр Астанаға билет сатып алып, неге мен Флай Арыстанмен ұшуым керек? Билеттері өте қымбат. Соған қарамастан, мына әуежайда ауа жоқ, қаншама халық тұр, бала-шағасымен. Ешкім түсіндіріп жатқан жоқ. Кешірім де сұраған жоқ», — деді видео авторы.

Аталмыш оқиғаға байланысты біз «Эйр Астана» баспасөз қызметіне сауал жолдадық. Әзірге жауап жоқ. Жауап берген кезде міндетті түрде жариялайтын боламыз.