Елде 14–29 жас аралығындағы жастар саны шамамен 5,5 миллион адамды құрайды, бұл – халықтың 29 пайызы. Мұндай демографиялық салмақ жастардың әлеуметтік және саяси өмірдегі рөлін арттырып отыр. Олар экология, білім, жұмысқа орналасу және құқық қорғау сияқты салаларда өз бастамаларымен көзге түсуде. Қазақстан жастарының болашағы қандай болмақ? Зерттеу нәтижелеріне сүйеніп тарқатамыз.
Жастар саясаты елімізде 2000 жылдардан бастап қалыптасқанымен, оның дамуы көбіне мемлекет бақылауында болды. Мысалы, 1999 жылы құрылған «Қазақстан болашағы үшін» республикалық жастар қозғалысы жастардың 23 пайызының қолдауына ие болып, патриоттық тәрбие мен мемлекеттік саясатты насихаттауға бағытталды. Алайда бұл модельде жастардың бастамалары көбіне жоғарыдан ұсынылып, өз бетінше даму мүмкіндігі шектеулі болды.
2013 жылы жүргізілген зерттеу жастар саясатының бірқатар кемшілігін анықтады. Яғни заңдардың декларативті сипаты, аймақтық бағдарламалардың жүйесіздігі, қаржыландырудың ашық еместігі және жастардың азаматтық белсенділігінің төмендігі. 12 облысты қамтыған сауалнама жастар ұйымдарының кәсіби кадрлар тапшылығын, ал мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігін көрсетті.
Қазіргі таңда жастардың белсенділігі артып келеді. Экологиялық қозғалыстар жыл сайын мыңдаған жастардың басын қосуда. 2023 жылы Алматыда «Жасыл қала» бағдарламасы аясында 10 000 ағаш отырғызылды. Құқық қорғау бағытында жұмыс істейтін «Азан» сияқты ұйымдар студенттер мен жас мамандардың құқықтарын қорғауға ден қойып отыр. Сонымен қатар, TikTok пен Instagram платформаларында #CleanKazakhstan, #ӘділетҮшінЖастар сияқты хэштегтер танымал болып, жастардың өзекті мәселелерге үн қосуын жеңілдетті.
2022 жылғы қаңтар оқиғалары жастардың елдегі әлеуметтік және экономикалық проблемаларға бейжай қарамайтынын көрсетті. ҰҚК мәліметінше, шеруге шыққан 20 мың адамның басым бөлігі – 30 жасқа дейінгі жастар. Бұл олардың белсенділігін дәлелдесе де, сол оқиғалардан кейін билік жастар ұйымдарына бақылауды күшейтіп, мемлекетке лоялды ұйымдардың қаржыландыруын 15 пайызға арттырды. Зерттеу мәліметіне сүйенсек, дәл осындай тәсіл тәуелсіз бастамалардың дамуына кедергі келтіріп отыр.
Қаржыландыру мәселесіне келсек, 2023 жылы Қазақстанда жастар бағдарламаларына бөлінген қаржы көлемі 800 миллион долларды құрады. Алайда бұл қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны жөнінде ашық деректер аз. Ақпарат көбіне тек арнайы сұраныс арқылы беріледі.
Жастардың саяси белсенділігі әлі де шектеулі. Партияларға мүше болу немесе саяси бастамалар көтеру жағдайлары сирек кездеседі. Бірақ еріктілік пен экологиялық белсенділік жоғары деңгейде дамуда: 2024 жылы елімізде 15 000-ға жуық жас еріктілер түрлі әлеуметтік жобаларға қатысқан. Бұл – жастардың қоғамға бей-жай қарамайтынын білдіретін маңызды көрсеткіш.
Жаһандық үрдістер де жастар қозғалыстарына әсер етуде. Қазақстан жастары ЕАЭО бағдарламалары мен халықаралық форумдарға белсенді қатысып, экология, цифрлық даму, адам құқықтары тақырыптарында пікір білдіруде.
Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы белсенділік артқанымен, жастардың балама саяси күн тәртібін қалыптастыруына кедергілер бар. Тәуелсіз ақпарат көздеріне шектеу қойылуы, бейресми ұйымдарға қысым жасалуы жастар қозғалыстарының ықпалын әлсіретіп отыр.
Салыстыру үшін: Өзбекстанда жастардың үлесі 22 миллионнан асады – бұл халықтың 60 пайызға жуығы. Жастар саясаты 2017 жылдан бері белсенді жүргізіліп, 1,2 миллиард доллар бөлінген. Жастар ұйымдары орталықтандырылған түрде жұмыс істеп, билікпен тығыз әрекеттеседі. Мысалы, 2024 жылы еріктілер қозғалысына 50 000 жас қатысқан. Алайда басқару жүйесінің орталықтандырылуы бастамалардың еркіндігін шектейді.
Қазақстан жастары өзгерістерге дайын және белсенді. Алайда бұл әлеуетті толық іске асыру үшін қаржыландырудың ашықтығы, бағдарламалардың сапасы және азаматтық еркіндік деңгейі артуы қажет. Жастар мен билік арасында сенімге негізделген серіктестік орнату – тұрақты әрі әділетті болашаққа жол ашады.